Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен кездесті. Кездесуде қаладағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аймақ басшысы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы мемлекеттік органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде "Байқоңыр" кешенінде бірқатар маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Жыл басында Байқоңыр қаласында әрқайсысы 50 пәтерлік бес тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын, нысанды шілде айында пайдалануға беру жоспарланған.
Келесі оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасының білім беру стандартымен аралас мектеп ашу үшін №7 мектеп ғимаратын облыстық білім басқармасының қарамағына беру жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастырып, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.