500-ден астам шәкірт білім алатын білім ордасының бірінші сыныбына 40 оқушы барды. Жалпы 790 оқушыға арналған әрі төрт қабатты ғимарат толығымен жаңартылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, деп жазады inbusiness.kz сайты "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
"Ресей стандартымен оқыған №7 Янгель атындағы мектепті биылғы оқу жылынан бастап №298 орта мектеп ретінде ашылды. Бұл – Қазақстан стандартымен оқитын мектеп. Сыныптардың бәрін жабдықтады. Мектебімізде 510 оқушы білім алады. Оқу жылын керемет жаңалықпен бастап жатырмыз", – деді № 298 мектеп директорының міндетін атқарушы Жұлдыз Досболова.
Мектептің жаңа үлгіде жабдықталғанына ата-аналар дән риза. Олар үшін бұл – балаларының жайлылығы мен сапалы білім алуына деген кепілдік.
"Мен немеремді бірінші сыныпқа әкелдім. Бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдадық. Балаларымыз өз елінің тарихын, құндылықтарын біліп, танып өседі. Жаңа оқу жылына сәттілік тілейміз", – деді Байқоңыр қаласының тұрғыны Ажар Тынарова.
Білім ордасына қатысты заңдық құжаттар толық аяқталған. Сондықтан оқу үдерісінде еш кедергі жоқ. Бұл оқушылар үшін жаңа бір белес болмақ.
Жұлдызды қалашықтағы тағы 5 мектептің оқушылары еліміздің білім беру стандарты бойынша тәлім алады.