Байқоңырдағы басты мәселе қайсы?

Жалпы, осы күні "Жұлдызды қалашықта" 57 мыңнан аса адам өмір сүреді. Оның 40 мыңнан көбі – ҚР азаматтығы бар тұрғын. 

Байқоңырдағы басты мәселе қайсы? Фото: Бағдат Есжанов

Желтоқсанның 1-інен бастап Байқоңыр қаласына кіріп-шығу жеңілдейді. Сондай-ақ, қаладағы орыс мектептерінде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері оқытылатын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси ахуалы ел президентінің тікелей бақылауында екені ашық айтылып жүр. Еліміз "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға берсе де, адамдарын жалға берген жоқ. Сондықтан, бақылауда болуы қалыпты жағдай.

"Қала жалға берілгенімен, мемлекеттік мүліктің барлығы – Қазақстан меншігінде"

Бұған дейін Байқоңыр қаласын дамыту туралы жиын өткізген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар жүйелі мәселенің барын ашық айтқан.

"Осы күні қаладағы қоғамдық-саяси жағдайға тікелей әсер ететін және уақытылы шешуді талап ететін бірқатар жүйелі мәселе бар. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселені Үкіметаралық комиссия шешіп келеді. Қала жалға берілгенімен, мемлекеттік мүліктің барлығы – Қазақстан меншігінде. Сол себепті, инженерлік-инфрақұрылым мәселесіне Үкімет ерекше көңіл бөлуде. Қазақстан тарапынан қала толықтай газға қосылған. Іргелес орналасқан Төретам кенті мен Ақай елді мекеніне жыл соңына дейін газ беріледі. Алдағы жылдары да жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. 2024 жылы Байқоңыр қаласында кәріз жүйелерін және су құбырларын қайта жаңғырту жобасы іске асырылады. Бұдан бөлек, электр және жылу жүйелері де тозығы жетіп, 75%-ы ескірген. Қаладағы жылу желілері мен электр жүйелерінің жағдайына зерттеу жүргізіп, қайта жаңғырту бойынша ұсыныстар енгізілуі тиіс. Сонымен қатар, қаладағы 351 көпқабатты үйдің ішкі инженерлік жүйелері де назардан тыс қалмау қажет", - деді өңір басшысы жиында.

Қаланың өзекті мәселесі – өндіріс орнының болмауы

Байқоңыр қаласында 57,4 мың адам тіркелген. Оның 40,6 мыңы – ҚР азаматтығы бар тұрғын. Қаланың өзекті мәселесі – өндіріс орнының болмауы, жаңа жұмыс орындарын құруда қиындықтардың көп кездесуі. Қазіргі күні мәселені шешу мақсатында "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" шеңберінде шаралар қабылданып жатыр.

Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай айтып отыр.

"Қалада жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" шеңберінде көрсетіледі. Жыл ішінде тұрақты жұмыс орындарына 281 адам жұмысқа орналастырылды. "Бастау бизнес" кәсіпкерлік негіздерін оқыған 50 тұрғынға 69 миллион теңге сомасына өтеусіз грант берілді. Сонымен қатар, Қызылорда облысының әкімдігімен "Байқоңыр" кешенінің жалдан шығарылған нысандар негізінде кәсіпкерлік объектілерін ашу үшін Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізуде. Мәселен, әкімдік жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашу үшін жалдан шығарылған 9 нысанды мүдделі инвесторларға беру бойынша жұмыс жүргізуде", - деп түсіндірді ол.

Орыс мектептерінде "Қазақстан тарихы", "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндері оқытылуда

Байқоңыр қаласында 12 мектеп жұмыс істесе, оның 5 мектебі қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Бұған дейін де мектептерді қазақыландыру бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылған болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Ресей Федерациясы мектептерінде "Қазақстан тарихы", "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндері оқытылып басталғанын айтты.

"Облыс әкімімен және салалық министрлермен "Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының 2023-2026 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша жол картасы" бекітілді. Жол картасымен жалпы 29 іс-шара бекітілген. Қазіргі таңда, жол картасын іске асыру мақсатында салалық басқармалармен шаралар қабылдануда. Сондай-ақ, қалада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының санын арттыру мақсатында жалдан шығарылған 2 нысан негізінде жыл соңына дейін балабақша ашу жұмыстары аяқталатын болады. Сонымен қатар, "Байқоңыр" кешені жөніндегі "Қазақстан-Ресей" Үкіметаралық комиссияның 8-ші және 9-шы отырыстары шеңберінде Байқоңыр қаласында орналасқан РФ орта мектептерінде "Қазақстан тарихы", "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндерін оқудан тыс белгіленген тәртіппен ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру туралы бірлескен шешім қабылданды. Қазіргі таңда, Байқоңыр қаласы әкімшілігіне қарасты М.К.Янгель атындағы №7 орта мектебінде аталған пәндер факультатив ретінде оқытылуда. Басқа мектептерге аталған пәндерді оқыту бойынша облыстық білім басқармасымен жұмыстар жүргізілуде", - деп толықтырды өңір басшысы.

Көшелерге алғаш рет қазақша атау беріліп отыр

Қазіргі таңда, Байқоңыр қаласында көпқабатты 351 үй бар. Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 2021 жылдан бастап Байқоңыр қаласының 7 А мөлтек ауданында "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында елу пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту мақсатында 2021 жылы 11,4 шақырым кәріз желілері қайта жаңғыртылса, келер жылы да жұмыстарды жалғастыру жоспарланып отыр.

Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жаңалық, көшелердегі көрнекі құралдар, жарнамалық, хабарламалық бильбордтар қазақша жазылуға жақын. Ғарыш айлағы жалға берілгеннен бері, яғни 1994 жылдан бері алғаш рет 4 көшеге қазақтың танымал тұлғаларының есімі берілген.

Жалпы, Байқоңырдағы біраз мәселе шешімін тауып келеді. Қалаға кіріп-шығудың жеңілдеуінің өзі жақсы қадамға бастайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу