"Байқоңыр" ғарыш айлағының 31-ші алаңынан тікелей эфир жүргізілді. Ұшыру қалыпты режимде өтті.
Екінші минуттан кейін зымыранның бүйірлік блоктары бөлініп, ұшырылғаннан кейін тоғызыншы минутта "Прогресс МС-24" ғарыштық жүк көлігі зымыранның үшінші сатысынан бөлініп, Жердің жасанды серігінің орбитасына шықты.
Байқоңырда ауа температурасы +23.
Белгілі болғандай, "Прогресс МС-24" көліктік жүк кемесі ұшырылуын Қазақстан Республикасы Цифрландыру, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бар қазақстандық делегация бақылады.
Ғарыштық жүк көлігін Халықаралық ғарыш станциясына түйістіру екі күннен кейін жоспарланған. Оған шамамен 2,5 тонна жүк жеткізіледі.
Бұған дейін Қазақстандық ғарыш айлағынан 24 мамырда "Прогресс МС-23" жүк кемесі Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) аттанған.
Бүгін Халықаралық ғарыш станциясында 69-шы ұзақ мерзімді экспедиция экипажы жұмыс істеуде.