Байқоңырдан ұшқан әр зымыранды қанша туристің тамашалайтыны белгілі болды

Бұл туралы Үкімет отырысынан соң ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында сөз болды.  

Байқоңырдан ұшқан әр зымыранды қанша туристің тамашалайтыны белгілі болды Фото: ТАСС

"Байқоңыр" ғарыш айлағындағы туризмді дамыту туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бірқатар деректі мысалға келтірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, қалада қонақүй жетіспеушілігі бар.

– Бүгін зымыран ұшырылымы өтті. Әрбір зымыран ұшырылымына 2 мыңнан астам турист келеді. Баршаға мәлім, "Байқоңыр" ғарыш айлағының аумағы – Ресей Федерациясының басқаруында. Зымыран ұшырылымына келетін барлық турист арнайы қауіпсіздік рәсімдерінен өтеді, жалпы жылына он шақты ұшырылым болады. "Байқоңыр" ғарыш айлағы мен жалпы аталған өңір үшін басты мәселе – жатын орындардың жеткіліксіздігі. Сондықтан, зымыран ұшырылымы кезінде барлық қонақүй лық толады. Тіпті, қонақүйлердің көбін зымыранды ұшыруға қатысатын техникалық қызметкерлер иеленеді, – деді ол мәселенің барын жасырмай.

Туризм және спорт вице-министрі аталған олқылықтың орнын толтыру үшін нақты жұмыстар атқарылатынын айта кетті. Сондай-ақ, ғарыш айлағының ел аумағында орналасуының өзі туризм үшін маңызды саналатынын жеткізді.

– Бұл мәселеге қатысты нақты жоспар бар. Біз зымырандар ұшырылмайтын аралық кезеңді де туризмге айналдырғымыз келеді, себебі сол кезеңнің нысандары туристер үшін ерекше астрофизикалық құндылыққа ие. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған туризмді дамытуға болады, өйткені қазақ халқы үшін ғарыш саласы мен астрофизика тарихи тұрғыдан жақын. Осындай бірегей ғарыш айлағының біздің жерімізде орналасуы – сөзсіз туризм үшін өте құнды нысан, – дейді Е.Еркінбаев.

Еске салайық, бүгін Астана уақыты бойынша сағат 10:47-де "Байқоңыр" ғарыш айлағының 31-алаңынан "Союз МС-27" басқарылатын көлік ғарыш кемесі бар "Союз 2.1" зымыран тасығышының ұшырылымы сәтті өтті.

Байқоңырдан тікелей репортаж жасағандардың сөзінше, ғарышкерлер өзін жақсы сезінген. Ғарыш айлағынан алдағы ұшыру Жеңістің 80 жылдығына арналмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу