Кездесу аймақ басшысы Байқоңырда қазақстандық тараппен жүргізіліп жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларды талқылады, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы мемлекеттік органдарының бірлескен іс-қимылдарының арқасында "Байқоңыр" кешенін дамыту мәселелері тиімді түрде шешімін табуда. Байқоңыр қаласы әкімшілігінің белсенді ықпалдастығымен Байқоңыр қаласында 2022 жылы республикалық референдум және Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 19 наурызында ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлауы өтеді. Бұл науқан да тиісті деңгейде өтетініне сенімдімін", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында Байқоңырдағы жылу электр станциясын газға қосу арқылы тұрғындарға төлем құнын төмендету мәселесі талқыланды. Қазір Байқоңырда 5 тұрғын үйдің құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аймақ басшысы Байқоңыр қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін модернизациялау бойынша жұмыстарды жалғастыру үшін биылғы жылы республикалық бюджеттен 1,1 млрд. теңге бөлінгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, қалада қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс жасайтын балабақша ашу жоспарымен бөлісті.
Бұдан бөлек, облыс әкімі мен Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысымен бекітілген "2022-2025 жылдарға арналған Байқоңыр қаласы жастарын қолдау" жөніндегі кешенді жоспарының жүзеге асу барысын талқылады.