Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен "Роскосмос" Байқоңырдағы "Крайний" әуежайына қазақстандық әуе компанияларының ұшуына қатысты мәселені шешуге уағдаласты, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
Келіссөздер Байқоңырда өтті. Онда тараптар "Крайний" әуежайының инфрақұрылымымен танысты.
"Роскосмос" өкілдерімен келіссөздер нәтижесінде жолаушылар тасымалы мен туризмді дамытуға қазақстандық әуе компанияларын тарту мәселесі қаралады. Тараптар бұл мәселені Қазақстан әуе компанияларының өкілдерімен жан-жақты талқылау керек деп шешті", – деп жазылған хатта.
Еске сала кетсек, "Крайний" әуежайы Қызылорда облысында орналасқан. Ол Байқоңыр кешеніне қызмет көрсетеді. Ресей әуежайды ғарыш айлағымен бірге 2050 жылға дейін жалға алған.