Мәжіліс коммуникация, цифрландыру және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жоба байланыс саласын дамыту, цифрландыруды арттыру және инновацияны қолдауға бағытталған үш блоктан тұратынын түсіндірді.
Оның айтуынша, осы Заң жобасы аясында елді мекендердің бас жоспарларында байланыс желілерін орналастыру, коммуникациялар салу жоспарлары, сондай-ақ, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында коммуникация қажеттіліктері үшін аумақтарды қалдыру қарастырылады. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға коммуникация инфрақұрылымын құру саласында қосымша құзыреттер беру көзделіп отыр.
Айта кету керек, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету талаптары белгіленетін болады.
"Заң жобасы мынадай шараларды көздейді: радиожиілік спектрін қайта бөлу, виртуалды байланыс операторларының құқықтық мәртебесін енгізу, операторлардың желілер мен байланыс құралдарының орналасқан жерлеріне тең қолжетімділігін заңнамалық тұрғыдан бекіту. Сондай-ақ, заң жобасы ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп объектілеріндегі байланыс қызметтерін субсидиялауды, геостационарлық емес байланыс спутниктерінің жұмысын реттеуді, теңгерім ұстаушыны анықтауды және кабельдік каналдардың техникалық аудитін енгізуді, ұлттық заңнамаға жаңашылдық енгізудің практикалық құқықтық режимдерін енгізуді, салалық технологиялық құзырет орталықтарын нығайтуды, ұлттық инновациялық жүйе үшін "бір терезе" құруды көздейді", - деді Екатерина Смышляева.
Сонымен қатар, депутат салалық шешімдерді цифрландыру үшін құқықтық жағдайлар енгізіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, жаңа туған нәрестелерге ЖСН тағайындау және тағы басқалары.
Заң жобасы қабылданса, байланыс желілерінің құрылысы да қарқын алып, байланыс қызметінің сапасы артып, қамту аумағы кеңейіп, абоненттер саны артады. Осы тұрғыда, байланыс операторлары арасындағы бәсекелестік дамып, жаңа спутниктік байланыстар жұмыс істей бастайды, инвестициялық ахуал жақсарады және экономикадағы инновацияның үлесі артады.