"Бәйтерек" 600 млрд теңгеге жуық облигациялық займ алмақшы

867

Бұл қаражат өңірлерді дамыту үшін әкімдіктерді қаржыландыруға бағытталады. 

"Бәйтерек" 600 млрд теңгеге жуық облигациялық займ алмақшы

Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру аясында "Бәйтерек" холдингі жылдық 6% сыйақы мөлшерлемесімен және 12 жылға дейінгі мерзімге жалпы сомасы 600 млрд теңгеден аспайтын облигациялық қарыз тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы холдингтің басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың холдинг сайтында жарияланған баяндамасында айтылды.

"Бұл қаражат өңірлерді дамыту үшін әкімдіктерді қаржыландыруға бағытталады. Осы шара 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді және өңірлер мен ірі қалалардағы жобаларды іске асыруға жәрдемдеседі",– дейді Айдар Әріпханов.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызда Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесінде өңірлердегі іскерлік белсенділікті және жұмыспен қамтуды қолдау шараларын атаған еді. Олар төтенше жағдай кезінде ұлттық экономиканы қолдау бойынша мемлекет саясатын іске асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

ҚР Президентінің айтуынша, қаражатты нақты экономикаға жедел және тиісті деңгейде жеткізу мақсатында "Бәйтерек" холдингі арқылы тікелей қаржыландыру қарастырылуы мүмкін.

"Өз кезегінде, "Бәйтерек" холдингі дағдарысқа қарсы құрал бола отырып, Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындайды деп сендіргім келеді",– деді Айдар Әріпханов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу