"Бәйтерек" жобасының негізгі шарттары түзетіледі

1029

Сенатта "2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Бәйтерек" жобасының негізгі шарттары түзетіледі

Өткен жылы 31 қазанда Ресей Федерациясында қол қойылған хаттама "Бәйтерек" жобасының негізгі шарттарын өзектендіруді көздейді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин: "Хаттама "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттен босату тәртібін және "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін жүктеу кепілдігін қамтамасыз етеді. Хаттамада тараптардың 2023 жылы орта класты тасымалдағыш зымыранмен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарының басталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелері көрсетілген. Хаттамадағы басты мақсат – "Бәйтерек" жобасының негізгі шарттарын түзету және өзектендіру. Бұл ретте хаттама, ең алдымен, қазақстандық тараптың мүддесіне сай жасалғанын айта кету керек", – деді.

Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан үшін жоғарыдағы хаттаманың маңызы зор. 

"Біріншіден, хаттама бірлескен кәсіпорынның Қаржы министрлігінің алдындағы бюджеттік кредит бойынша қаржылық міндеттемелері мәселесін заңды негізде шешуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа құжатқа Ресей тарапының 2036 жылға дейін "Союз-5" зымыран-тасығыштарын ұшыру кешенін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері енгізілген. "Бәйтерек" жобасының мақсаты – "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын экологиялық таза зымыран тасығыштармен шығару.

Жобада пайдаланылатын перспективалы "Союз-5" зымыран-тасығышы отынның экологиялық таза компонентінде керосинмен ұшады, сондай-ақ қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалаудың оң сараптамасына ие. "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құруды үйлестіретін және оны одан әрі пайдалануға жауап беретін оператор – "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" АҚ", – деді Бағдат Мусин.

Министр "Бәйтерек" жобасы "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы Ресей тарапымен бірлескен негізгі жоба екенін атап өтті. 

"Бұл жобада Ресей тарапы тасымалдағыш зымыранды құруды, ал Қазақстан тарапы қолданыстағы "Зенит-М" ғарыштық зымыран кешенінің жерүсті кешенін жаңғыртуды қаржыландыруды мемлекеттік тапсырма арқылы орындауды қамтамасыз етеді", – деді Бағдат Мусин. 

Оның айтуынша, заң жобасы күшіне енгенде "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамы бюджеттік кредитті оның жарғылық капиталына айырбастау арқылы кредиттік міндеттемелерден босатылады және "Бәйтерек" мемлекетаралық жобасын іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік алады. Айырбастау рәсімінің нәтижесінде қазақстандық тараптың Бірлескен кәсіпорынға қатысу үлесі шамамен 99%-ға дейін артады. 

"Хаттама "Бәйтерек" ғарыштық ұшыру кешенінен 10 жыл ішінде Ресей тарапынан кемінде жылына 2 ұшырылым қамтамасыз етуге кепілдік береді. Бұл болашақта кешенге салынған мемлекеттік инвестицияны қайта өндіріп алуға мүмкіндік береді", – деді министр. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу