"Бәйтеректе" елордалық ерлі-зайыптылар некелерін қиды

440

15 мамыр Халықаралық Отбасы күні атап өтілді. 

"Бәйтеректе" елордалық ерлі-зайыптылар некелерін қиды Фото: gov.kz

Осы күнге орай Астанадағы "Бәйтерек" монументінің басында елордалық ерлі-зайыптылар үшін дәстүрлі неке қию рәсімі өтті, деп жазады inbusiness.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға аудан әкімі Есіл Асылбек Есенбаев, Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова және ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Светлана Айтбаева қатысты.

"Бұл - Халықаралық Отбасы күніне арналған жыл сайынғы іс-шара. Дәстүр бойынша "Бәйтерек" монументінің басында өткіземіз, өйткені бұл жер – жаңа орнықты мемлекеттің символы. Есіл ауданы құрылған жылы оның 63 мыңға жуық тұрғыны болған, ал бүгінде олардың саны 415 мыңға жетеді. Жас жұбайлардың қаланың демографиялық жағдайына қосқан үлесі осындай, сондықтан біз оларды жыл сайын көтермелеуге тырысамыз", - деді Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев.

Іс-шараның негізгі идеясы - отбасылық құндылықтарды насихаттау.

Назгүл Мақжанова қазір некеге тұрғандардың жасы артып келе жатқанын атап өтті.

"Жастар қазір неке қиып, отбасын құруға асықпайды. Алдымен өз жағдайларын жасап алғанды жөн көреді. Бірақ одан жаман нәрсені өз басым байқамадым. Бірақ отбасы құндылығын ұмытпауы қажет. Сол себепті жиі-жиі осыны еске салып отырамыз", - деді ол.

Қонақтарды салтанатты түрде елордалық №2 өнер мектебінің "Сырлы саз" фольклорлық ансамблі қарсы алды.

"Біз АХАТ-қа өтініш бердік және отбасы күніне орай аудан әкімімен, әртістердің қатысуымен мерекелік жағдайда қол қоюға шақырды. Бұл күні бізді құттықтауға біраз адамның келгені қуантады. Некеге тұру - мен үшін маңызды қадам, сондықтан мұндай қолдау маған қатты әсер етеді", - деп бөлісті қалыңдықтардың бірі Айдана Каримова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу