"Бәйтеректің" еншілес ұйымын қандай компания сатып алғаны белгілі болды

738

"Қазақстанның инвестициялық қоры" (ҚИҚ) толық жекенің қолына өтті.

"Бәйтеректің" еншілес ұйымын қандай компания сатып алғаны белгілі болды

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ-ны 10 млрд 602 млн 471 мың 183 теңгеге D-Personnel компаниясы сатып алды, деп хабарлайды inbusiness.kz холдингтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау үшін холдинг ҚИҚ-ты бәсекелес ортаға беру жөніндегі іс-шаралар жүргізген.

2021 жылғы шілдеде ҚИҚ-тың 100% акциясын сату шарттарын Қазақстан экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия қараған және холдингтің директорлар кеңесі бекіткен.

"2021 жылғы 17 тамызда мемлекеттік мүлік тізілімінің www.gosreestr.kz веб-порталында Қаржы министрлігі "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ бағаны көтеру әдісімен электрондық сауда-саттық өткізді. Осылайша 3 заңды тұлға қатысқан электронды аукцион нәтижелері бойынша 10 млрд 602 млн 471 мың 183 теңге мөлшерінде ең көп сатып алу сомасын ұсынған D-Personnel ЖШС жеңімпаз атанды", – деп жазылған хабарламада.

Тексеру қорытындысы бойынша D-Personnel компаниясының "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі және лауазымды басшыларымен үлестік фактісі анықталған жоқ.
 
"Биыл 27 тамызда D-Personnel ЖШС-мен сатып алу-сату шарты жасалды. Сатып алушы қабылдаған міндеттемелерін орындағаннан кейін 5 қазанда ҚИҚ акцияларының 100%-ы сатып алушының меншігіне берілді. Бұл ретте сатып алушы үшін 10,6 млрд теңге мөлшеріндегі акцияларды төлеумен қатар Orda Glass Ltd ЖШС жобасы бойынша 17 млрд теңге сомасына "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ (ҚДБ) пайдасына берілген ҚИҚ кепілдігі бойынша міндеттемелер сақталады, ол объект пайдалануға берілгенге дейін қолданылады", – деп жазылған хабарламада.

Қосымша сатып алушы құқықты (талапты) басқаға беру шарттары бойынша ҚИҚ-тың ҚДБ алдындағы міндеттемелерін қамтамасыз ету бойынша 18,7 млрд теңге сомаға қайтарып алынбайтын кепілдік берілді.

"ҚИҚ-тың 10 млрд 549 млн 722 мың 570 теңге көлеміндегі нарықтық құнын "Баланс" консалтингтік компаниясы" ЖШС тәуелсіз консультанты (бағалаушысы) анықтады, ол ҚР Қаржы министрлігі бекіткен сатып алу ережелеріне сәйкес ашық тендер қорытындысы бойынша таңдалды. Тәуелсіз консультанттарға қойылатын біліктілік талаптарын холдингтің жобалық кеңсесі мақұлдады және Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиямен келісілді", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ 2013 жылдан бастап ҚИҚ басқаратын және ҚДБ алдындағы борышты ескере отырып теңгерімге қабылданған жобалар стресстік активтер болып саналған. Олар бойынша талап-арыз жұмысын және берешекті оңалту, қайта құрылымдау, активтерді сату не активтерді отандық және шетелдік инвесторларға жалға беру рәсімдерін жүргізу арқылы берешекті қайтару жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі.

"Бағалау сәтінде ҚИҚ борышының баланстық құны шамамен 35,2 млрд теңге сомасына активтер мөлшерінде 29,6 млрд теңге болды. ҚИҚ меншікті капиталының мөлшері 5,6 млрд теңгеден асқан жоқ. Осылайша ҚИҚ-ты бәсекелес ортаға беруге байланысты барлық іс-шара қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілді. 2021 жылғы 5 қазаннан бастап "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ еншілес ұйымы болып саналмайды", – деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу