Оның сөзінше, "Бәйтерек" алдағы 5 жылда 40 трлн теңгедей қаржы тартады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында "Бәйтерек" холдингінің экономиканы несиелендірудегі үлесі туралы деректер мәлім болды.
"Инвестициялардың ЖІӨ-дегі деңгейін қазіргі күйде (14-15%) сақтай алсақ, 2029 жылға қарай жиынтық инвестиция 240 миллиард долларға дейін барады. Бірақ, 2029 жылы инвестицияның ЖІӨ-дегі деңгейін 23%-ға дейін жеткізу үшін 85 миллиард доллар қосымша инвестиция қалыптастыру керек", – деді вице-министр.
Арман Қасенов мұны "Бәйтерек" холдингі жүзеге асыра алатынын жеткізді.
"Дәл осы мақсатпен мемлекеттік даму институттарының капиталын жыл сайын 1 трлн теңгемен толықтырып отыру ұсынылған болатын. 2025 жылы "Бәйтерек" мемлекеттен 500 миллиард теңге алды. Сенат депутаттарының қолдауының арқасында бұл сома алдағы 3 жылға 1 триллион теңгеден болып бекітілді. Мемлекеттің "Бәйтерекке" берген әр триллион теңгесіне 7 триллион теңгеден қарыз тартылады. Сонда 1/7 қағидатымен қарыз тартылады", – деді ол.
Вице-министр бұл қарыздың тең жартысы ішкі нарықтан теңгемен, қалғаны сыртқы нарықтан шетелдік валютамен алынатынын айтты.
Бұл институттардың экономикаға жыл сайын 8 трлн теңгеге дейін қаржы құюына мүмкіндік туғызады. Осылайша, "Бәйтерек" алдағы 5 жылда 40 трлн теңгедей қаржы тартады. Қазірдің өзінде холдингтің портфелінде 18 трлн теңгенің жобасы бар. Бұл цифр өтінім түскен сайын өсе береді, – деді Арман Қасенов.