БАҚ туралы жаңа заңның жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды

677

Қазіргі қолданыстағы заң журналисті осындай жағдайда қорғай ала ма? Жоқ па? Бұған нақты жауап беру де - қиындау сияқты. Өйткені, Үкімет тілшілерге кедергі келтіру дерегін қылмыстық кодекстен әкімшілікке ауыстырып алмақшы. Яки журналистерге қарсы қиямпұрыс қылықтар енді азаматтық кодекс аясында ғана қаралуы мүмкін. 

БАҚ туралы жаңа заңның жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды

"Масс-медиа туралы" жаңа заң жобасына осындай өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Жауапты министрлік мұны "журналистердің құқын қорғау үшін" десе, сарапшылар онымен келіспейді.

"Ашық үкімет" порталына жарияланған заң жобасы бойынша ұсыныстарды осы айдың соңына дейін жазуға болады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі "құжат аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау қамтылған" - деп отыр.

"Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді", дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі. 

Журналисті оқиға орнына кіргізбеу, жұмысына әртүрлі әдіспен кедергі келтіру  қазіргі заң бойынша қылмыстық кодекс аясында қаралады. Алайда, бұл заңға жүгінетіндер аз көрінеді. Осыны алға тартқан жаңа заңға жауапты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері 158 баптың бірінші тармағын азаматтық кодекске ауыстыруды ұсынып отыр. Осылайша жауапкершілікті арттырамыз деген пікірде. Алайда, журналистер мұнымен келіспейді.

"Бұл бастаманы да қолдамаймын. Өйткені сол арқылы мемлекет өзінің журналистерге жасап отырған қатыгездігін, журналистерді алалап отырғанын, журналистерді пресс-конференцияларға кіргізбегенін немесе митинг барысында журналистерге кедергі келтіруін қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстырып алмақшы", дейді Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов. 

Журналистің өзі немесе жақындарына күш қолдану немесе қоқан-лоққы жасау арқылы кедергі келтіру ғана қылмыстық кодексте қалмақ. Ақпарат министрі "қандай жағдайда да журналистердің жанынан табыламыз" - деп отыр.

"Салаға жауапты министрлік ретінде әрқашан журналистердің жанындамыз. Журналистердің құқын қорғауға, олардың ақпарат алуына, сапалы әрі нақты ақпаратқа қолжетімділігін ұйымдастыруға, сонымен қатар журналистік зерттеуін жүргізуге әр уақытта жәрдемдесуге, оларға құқықтық және басқа да жәрдем беруге әр уақытта дайынбыз", дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі. 

Сондай-ақ жаңа заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жауап беру мерзімін 7 күннен 5 күнге қысқарту қарастырылған. Алайда БАҚ өкілдерінің бұл мәселе бойынша да уәжі бар. 6 күн бұрын жарияланған құжат астына әзірге пікір жазылмаған.

Бақытнұр Әлібай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу