Бакуде қазақ күресінен XII әлем чемпионаты өтеді

335

 Дүбірлі дода Baku Sports Palace спорт кешенінде ұйымдастырылады.  

Бакуде қазақ күресінен XII әлем чемпионаты өтеді Фото: ЖИ

22-23 тамызда Әзірбайжан астанасы Бакуде қазақ күресінен ересектер арасындағы XII әлем чемпионаты жалауын көтереді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биылғы чемпионатқа әлемнің 30-ға жуық елінен 300-ден астам балуан қатысады. Екі күнге созылатын жарыста ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталады.

Ерлер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келіде белдессе, әйелдер 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 келі салмақтарында сынға түседі.

Қазақстан құрамасы сапында ел чемпионаттары мен республикалық, халықаралық додаларда тәжірибе жинаған үздік балуандар өнер көрсетеді. Ұлттық құрама Бакуде әлем чемпионатының жүлдесі үшін күреседі.

Чемпионатты Qazaq Kuresi қауымдастығы мен Әзірбайжан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы United World Wrestling талаптарына сәйкес бірлесіп өткізеді.

Қазақ күресі бүгінде халықаралық аренада да кеңінен танылып келеді. Ұлттық спорт түрі 40-тан астам елде дамып, осыған дейін 11 әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы, 6 Еуропа және 2 Африка чемпионаты ұйымдастырылған.

Бакудегі дода қазақ күресінің әлемдік деңгейдегі танымалдығын арттырып, ұлттық спорттың халықаралық байланыстарын одан әрі нығайтуға жол ашпақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу