Бақыт Сұлтанов бағаларды тұрақтандыру жолдарын ұсынды

1151

Сегіз тауар тәуекел тобына кірді.

Бақыт Сұлтанов бағаларды тұрақтандыру жолдарын ұсынды

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша Үкімет отырысында жасаған баяндамасында ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыруды қамтамасыз ету қажеттігін ерекше айтты.

Министр бағаның өсуін баяулататын барлық құрал мен мүмкіндік  барлығын әрі жергілікті атқарушы органдар мен бақылаушы органдардың аумақтық бөлімшелері қолданыстағы тетіктерді барынша пайдалануы қажет екенін атап өтті.

"Шекті бағаны бекіту рәсімін белсенді пайдалану қажет. Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Мысалы, қорлардан 2 мың тонна картоп сатылды. Оның импортқа тәуелділігі төмен болғанымен, бағасы да едәуір өскен жоқ. Ал қарақұмық бағасының 80,5%-ға өсуі кезінде оның жалпы сату көлемі тек 213 тоннаны құрады, бұл нарыққа әсер етпеді. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорларының шоттары мен депозиттерінде тауарларды сатып алуды жүзеге асыру үшін бюджеттен бұрын бөлінген 3 млрд теңге бос қаражат бар", – деді ол.

Бақыт Сұлтанов алыпсатарлық себебінен бағаның 1,5-2 есе өсуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

"Біз жоғары импортқа тәуелділікті анықтадық. Мәселен, 8 тауар тәуекел тобына кірді. Олар бойынша импорт үлесі 15%-дан астам. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тауардың 5-7%-ға аздаған тапшылығы алыпсатарлық есебінен бағаның 1,5-2 есе өсуіне әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ министрлік  Әлеуметтік маңызды тауарларды өндірушілердің барлық қауымдастығымен кездесулер өткізді. Кездесулердің қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық азық-түлік тауары бойынша өндірісті ұлғайтуда үлкен әлеуеті бар екенін көрсетті", – деді.

Сонымен қатар әкімдер субсидиялар беру кезінде ішкі нарыққа тауар жеткізілуін қатаң бақылауға алуы қажет екені де айтылды.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдермен бірлесіп тауарларды өндіру көлемін ұлғайтуға қатысты жұмысты бастауға тиіс. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту Мемлекеттік бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту үшін субсидия алушыларға бизнестің қарсы міндеттемелерін белгілеу тетігі көзделген. Осыған байланысты, әкімдер субсидияларды беру кезінде ішкі нарыққа жеткізілімдерге қатаң бақылауды жүзеге асыруға тиіс", – деді министр.

Министр көтерген келесі мәселе, тауарларды сақтау мен тұтынушыларға жеткізудің заманауи инфрақұрылымын құру болды.

"Мысалы, көкөністер Көкшетау қаласындағы базарға жеткізілген кезде өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолда 3 есе қымбаттайды. Делдалдар да, бөлшек сатушылар да 87%-ға дейін жоғары үстеме баға орнатады. Ал сақтау мен технологиялық шығындарды ескере отырып, баға тағы 52%-ға өседі. Бұл инфрақұрылымды құру бізді тиімсіз делдалдар желісінен арылтады және қосылған құнның барлық тізбегі бойынша маржиналдықтың ашық деңгейін белгілеуге мүмкіндік береді. Тиімсіз делдалдарды болдырмайтын отандық тауар өндірушілер үшін өнімді тікелей өткізу арнасы пайда болады. Өнімді сақтау және тиімді бөлу үшін қажетті жағдайлар жасалады", - деді Бақыт Сұлтанов.

Баяндамада баға мониторингі мен электрондық сауданы дамыту үшін халықты тарту қажеттігі айтылды.

"2019 жылдың желтоқсанында Қарағанды қаласында PRICE SCANNER баға мониторингі үшін мобильді қосымша іске қосылды. Бағалар туралы барлық деректер азаматтардан алынған ақпараттарға негізделген. Бұдан басқа, электрондық сауда алаңдарын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бүгінгі күнде "Оңай Базар" және Happy food Astana сияқты желілер ашылды. Олар өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу тізбегін оңтайландыруға және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, дүкендерде картоптың бөлшек бағасы 100-ден 150 теңгеге дейін болса, электронды алаңдардың бағасы шамамен 75 теңгені құрайды" - деді министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу