Шаһар басшысы Лиссабонда өткен қала таныстырылымы астаналықтардың болашақтағы табысына оң ықпал ететініне сенім білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
"Кеше испандық Effe телерадиокорпорациясы халықаралық іс-шараның аясында берген сұқбатымды көрсетті. Пиреней түбегі мен испан тілді елдерден келуге ниет білдірген туристер біз туралы біршама мәлімет алды деп ойлаймын. Нұр-Сұлтан қаласының таныстырылымы астаналықтардың болашақтағы табысына оң ықпал ететін болады. Ең маңыздысы, басты қаламыз арқылы бүкіл Қазақстанға қызығушылық артады", – деп жазды Бақыт Сұлтанов өзінің Фейсбук парақшасында.
Айта кетсек, Лиссабонда (Португалия) елорда әкімі Бақыт Сұлтанов UNWTO-ға мүше елдер қалаларының басшылары мен туризм министрлерінің форумында Нұр-Сұлтанды Дүниежүзілік туристік ұйымның қалалық туризм бойынша 8-ші Жаһандық саммитін (2019 жылдың 7-11 қазаны) өткізу орны ретінде таныстырды.