Бақытгүл Хаменованың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады

582

21 ақпанда Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың шағымы бойынша шешім шығарды.  

Бақытгүл Хаменованың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады Фото: zakon.kz

Бұрынғы әкімнің орынбасарына қатысты үкім өзгеріссіз қалды, қалған сотталғандардың жазасы қысқартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz Атырау облыстық сотына сілтеме жасап.

Бұған дейін сот Бақытгүл Хаменованы бала 14 жасқа толғанға дейін шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, сот залында қамаудан босатқан болатын. Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары алдын ала келісім бойынша бір топ адамнан пара алды деген айып тағылды.

Алқа Хаменоваға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Дәл осы іс бойынша кінәлі деп танылған облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев жеті жылдан екі жылға дейін, ал "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов төрт жылдан 1,6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының шешімімен А.Рысқалиевтің әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 28-баптың 5-бөлігіне, 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағына пара алуға жәрдемдесу ретінде қайта дәрежеленді.

"А.Рысқалиевтің жауапкершілігін едәуір жеңілдететін жағдай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықтың ашылуына ықпал еткені, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкерелеуі, асырауында 4 жас баласы бар ескерілді. Оған Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен, тағайындалған жаза 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді. У.Адамовтың егде жасы (65 жаста), асырауында төрт және үш кәмелетке толмаған баласы бар 2 кәмелетке толған бала кезінен мүгедек балалардың болуы ескеріліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен, тағайындалған жаза мерзімі 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

"Сотталушы Ақылбек Рысқалиевқа 7 жыл, Өміртай Адамовқа 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Барлық сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылады.

Заңгер Игорь Вранчев апелляциялық алқаның шешіміне шағым жасалатынын айтты.

Айта кетейік, Бақытгүл Хаменова 2020 жылдың наурыз айында облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2021 жылы 11 желтоқсанда Бақытгүл Хаменованың қамауға алынғаны белгілі болды, 12 желтоқсанда үйқамақта, 23 желтоқсанда тергеу изоляторына қамалды.

Қарашаның 14-і күні Бақытгүл Хаменова соңғы сөзінде өзінің кінәсіз екенін және үкім тек ақталуы мүмкін екенін мәлімдеді. 15 қарашада Атырау қалалық No2 сотында судья Жұмағали Тәшімов Бақытгүл Хаменова, Ақылбек Рысқалиев және Өміртай Адамовқа қатысты үкім шығарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу