"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" көпбалалы отбасы мен әскерилерге берілетін жеңілдетілген займ шарттарын жария етті, деп хабарлайды ATAMEKEN BUSINESS.
Қаржы институтының төрайымы Ләззат Ибагимованың айтуынша, "Әскери баспана" бағдарламасына құжаттар қабылдау аяқталған. Небәрі бір жарым айдың ішінде 4 мың әскери отбасы пәтерлі болыпты. Банк оған жеке активтері есебінен 58,6 млрд теңге қосқан.
Ендігі кезекке өтініштер қабылдау 2020 жылы басталмақ. Жоспар бойынша 10 жылда 70 мың әскери баспаналы болуы шарт.
Ал көпбалалы отбасылар үшін ашылған "Бақытты отбасы" бағдарламасы шілде айында іске қосылмақ. Биылғы құрылысқа республикалық бюджеттен 50 млрд теңге бөлініп отыр. 2%-бен 6 мың отбасыға ипотека беріледі. Жалпы бағдарлама 8 жылға құрылған. Оған шамамен 400 млрд теңге қарастырылған.