Қаланың ақ саусақ қызын алғым келмейді – Қарақат Әбілдина

Танымал әнші өмірлік жар таңдағанда нені ескеру қажет екенін түсіндірді. 

Қаланың ақ саусақ қызын алғым келмейді – Қарақат Әбілдина Фото: instagram.com/karakat_a

Қазіргі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы белең алып барады. Қазақстанның белгілі әншісі Қарақат Әбілдина да осы мәселеге тоқталып, қыздарға өзінің ақыл-кеңестерін айтқан болатын. Бұл туралы ол "1001 түн" бағдарламасына сұхбат берген кезде айтып өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Өнер иесінің айтуы бойынша, өмірлік жар таңдаған кезде алдамшы сезімге берілмей, оны жақсылап танып білу маңызды.

"Алдамшы сезімге берілме. Өмірлік серігіңді таңдаған кезде сен оның тегі кім, қай жақтан екенін зерделеп, біраз жүріп, көзіңді жеткізіп, әрі-бері тануың керек. Содан кейін ең әуелі адам өзінің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Аяқтарын шалыс баспау үшін өздері қыз болып жүрген кездің өзінде шошаңдамай жүруі керек. Қалай болса, солай жеңіл жүріске салынып, от басып қалып жатады. Сондай жағдайдың салдары жақсы болмайды. Сондықтан да "қызға қырық үйден тыю" дейді", - деді әнші.

Сонымен қатар, Қарақат Әбілдинаның пікірінше, отбасындағы көп жағдай әйел адамға байланысты. Алайда, қыз-келіншектер некелі жұбайына сезіммен қосылса, қандай жағдай болмасын олар бір-біріне мейірімді, қайырымды, әрі кешірімді болуы қажет. Сондай-ақ, осындай кездерде олардың арасындағы жағдай түсінбеушілік тудырмайды.

"Шынын айтқанда көп нәрсе айналып келгенде біздің күнделікті тұрмыс-тіршілікте де, әдемі бақытты отбасының кілті де оның сыры да құпиясы да соның ең негізгі өзегі, негізі әйел адам. Қалай айтсаңыз да ол солай. Себебі көп сұрақ, жауапкершілік бізге жүктеледі. Отбасылық қарым-қатынас, бала тәрбиесі, үйдегі тіршіліктің барлығы әйелден сұралады. Бала сабақты жақсы оқымай жатса да анасы жауапты. Сондықтан да қыздарға, сіңлілеріме от баспау үшін, өкінбестей өмір сүру үшін кішкене өз болашақтарыңызға, өмірлеріңізге абайлап қадам басыңыздар деп айтқым келеді. Әрине бір адамды толық танып-біліп үлгермейсің, дегенмен де шамалы уақыт жүріп, көз жеткізіп, содан кейін тұрмысқа шықса екен, некелі жарына сүйіп қосылса, сезіммен қосылса екен деймін. Сезім барда сенім пайда болады. Адал таза махаббатпен қосылған екі адам қанша жерден, қандай жағдай болмасын бір-біріне мейірімді, қайырымды, кешірімді болады. Олардың ісі насырға шаппайды, олар жамандыққа бармайды", - деп пікір білдірді өнер иесі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу