Бақытжан Базарбек байланыссыз қалып, Бағдат Мусин видео арқылы сөйлескен – Орталық стадиондағы интернеттің жайы

Әлеуметтік желілерде "Қайрат" пен "Реал Мадрид" матчындағы интернет мәселесі кеңінен талқыланып жатыр.

Бақытжан Базарбек байланыссыз қалып, Бағдат Мусин видео арқылы сөйлескен – Орталық стадиондағы интернеттің жайы Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстандықтар тарихи ойын кезіндегі тікелей эфирдің сапасыздығы мен интернеттің әлсіздігіне шағымдарын білдіруде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Олардың қатарында депутат Бақытжан Базарбек те бар. Ол стадионда интернет мүлде болмағанын айтады. Ал "Қазақтелеком" басқарма төрағасы Бағдат Мусин қызына емін-еркін видеоқоңырау шалғанын, сөйлесуде еш кедергі туындамағанын мәлімдеді. 

– Мен 30 мың орындық стадионда қызыммен видеоқоңырау арқылы сөйлестім. Байланыс тұрақты болды. Біз барлық деректер орталығын тексердік, интернет жақсы жұмыс істеді, – деді ол.

Бағдат Мусиннің сөзінше, кідіріс пен ақаулар интернеттен емес, трансляциялық сигналды қалыптастырып, платформаларға таратқан арналар тарапынан болған. Сол себепті, бір сәтте бірнеше интернет ТВ істен шыққан. 

– Егер мәселе "Қазақтелекомда" болса, тек біздің платформа ғана істемей қалар еді. Ал мұнда барлығы "жатып қалды". Кабельді теледидар тұрақты жұмыс істеді. Сәйкесінше, ақау интернеттен емес, телерадиохабар тарату платформаларынан шықты. Өз инфрақұрылысымызға сенімдіміз, ол 100% жұмыс істеді, – деп қоса кетті ол. 

Ал тарихи матчты Алматыдағы Орталық стадионнан тамашалаған депутат Бақытжан Базарбек жағдайдың басқаша өрбігенін сөз етті. 

– Бұл мәселеге "Қазақтелеком", өзге провайдерлер, Qazsport – бәрі жауап беруі тиіс. Неге трансляция үзілді? Адамдар футболды теледидардан көре алмады. Біз өзімізді "әлемде интернеті мықты елміз" деп есептейміз. Бірақ, стадионда интернет мүлде болған жоқ. Тіпті, қарапайым суретті жүктеп, отбасыммен бөлісе алмадым. 5G емес, тек 3G ғана болды. Ал егер төтенше жағдай болса ше? – деп сұрақ қойды депутат. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу