Бақытжан Сағынтаев АИИБ президентімен кездесті

609

Бақытжан Сағынтаев АИИБ президентімен кездесті

Бүгін үкімет үйінде ХІ Астана экономикалық форумы аясында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (АИИБ) президенті Цзинь Лицюньмен кездесу өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кездесу барысында АИИБ-пен ынтымақтастықты дамыту және ел экономикасының әртүрлі салаларында бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қаржыландырудың басым бағыттары ретінде энергетика, көлік, логистика, қала және ауыл инфрақұрылымы және т.б. салалар аталды. Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы маңызды логистикалық және көлік хабы ретіндегі рөлін ескере отырып, АИИБ-тың "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында көлік секторына қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Сондай-ақ, Қазақстан мен АИИБ арасында инфрақұрылымдық инвестициялар және Қазақстанда АИИБ өңірлік өкілдігін құру мәселелері бойынша шекті келісім жасасудың бірлескен жоспарлары қаралды. Бүгінгі таңда елімізде ДБ, АДБ, ЕҚҚДБ, ИДБ және т.б. секілді халықаралық қаржы және көпжақты даму институттарының өкілдіктері бар. "Астана" халықаралық қаржы орталығы банктің офисін ашатын басты алаң ретінде таңдалды.

Айта кетсек, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру туралы ұсынысты алғаш рет Балиде өткен Азия–Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының іскерлік саммиті кезінде (2013 ж. 7 қазан) ҚХР төрағасы Си Цзиньпин білдірді.

Банк 2015 жылдың 25 желтоқсанында АИИБ келісімі баптарының күшіне енуі арқылы құрылды және 2016 жылғы 16 қаңтарда ресми түрде іске қосылды. АИИБ-ты құрудың басты мақсаты — инфрақұрылымға және басқа да өндірістік салаларға инвестициялар салу арқылы, Азияны экономикалық дамытуға, әл-ауқатты жақсартуға және инфрақұрылымдық өзара әрекеттестікті жақсартуға жәрдемдесу. Банк қызметінің маңызды қағидаты — өңірлік және жаһандық экономикалық дамуға көмектесуге дайын барлық ниет етуші елдерге ашық болу. Сонымен бірге, мұнда шешуші дауыс құқығы Азия елдерінде.

Қазақстан — AИИБ-тың тең құрылтайшысы және өз алаңында 2014 жылдың сәуір айында банкті құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумды әзірлеу жөнінде келіссөздер жүргізген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу