Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі аса ірі жылыжай кешендерінің бірінде болды.
Нысанды аралау кезінде премьер-министр газ-турбиналы станса жұмысымен, көкөніс өсірудің голландиялық технологиялары қолданылатын жылыжай ғимаратымен танысты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар көрмесі премьер назарына ұсынылды, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Голландиялық технологиямен салынған "Грин Хаус Қазақстан" кешені жұмысын "ҚазАгроҚаржы" АҚ қолдауымен индустриялық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырады. Жобаның жүзеге асырылуы өз өндірісі есебінен облыстың көкөніске қажеттілігін толығымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ артық өнімді экспортқа жіберуге мүмкіндік береді.
Премьер-министрге экспортты ұлғайту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуы, нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейін арттыру, суарылатын жерлерді қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында ғылымның дамуы туралы баяндалды.
Айта кетейік, АӨК-тің дамуы еліміздің жақын болашақтағы басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осы орайда 2017 жылдан бастап үкімет 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды бастады, оның басты мақсаты – жиналатын өнімді арттыру және сала кәсіпорындарының қайта өңдеу, жүктеу үлесін көтеру.