Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған мектепке дейінгі балалар ұйымының жұмысымен танысты, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Нысанды аралау барысында премьер-министрге балабақшаның қазіргі жұмысы жайлы баяндалып, ғимараттағы дамыту бөліміндегі сабақтар көрсетілді.
200 орынға шақталған "Жәңгір хан" балабақшасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттары қолданыла отырып салынған. Мекеменің компьютерлік сауаттылыққа үйрету кабинеттері, қызығушылық, өзін-өзі тану бөлмелері, сонымен қатар шығармашылық бейнелеу студиясы бар.
Айта кетейік, президенттің жолдауына сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік инфрақұрылымның, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі тетігіне айналуы тиіс. МЖӘ тетігі білім беру нысандарына инфрақұрылымдық қолдау көрсету мен құрылыстан өзге бюджет қаражатын үнемдеуге, сонымен қатар бизнеске тиімді жағдайда жобаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік береді.