Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Орал трансформатор зауытына барды, сонымен қатар өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарын дамыту жоспарымен танысты, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Зауытты аралау барысында премьер-министр электр қалқан жабдығын өндіру цехын аралап, кәсіпорынның алдағы жоспары туралы есепті тыңдады.
Орал трансформатор зауыты ИИДМБ аясында іске қосылған. Мұнда жоғары қуатты таратқыш май және құрғақ трансформатор, сонымен қатар жылына 10 000 дана тартушы трансформатор өндіріледі.
2016 жылы трансформатор зауыты шетел инвесторларымен бірлескен кәсіпорын ашты және электр техникалық жабдығын шығару меморандумына қол қойды.
Бұдан өзге Бақытжан Сағынтаев индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында тұрғызылған "Батыс Пауэр" газ турбиналы электр станциясының жұмысымен танысты.
Газ турбиналы электр станциясының бірінші кезегін іске қосу туралы президент 2015 жылы "Қазақстанның жаңа индустриялануы" жалпыұлттық телекөпір кезінде айтқан болатын. ГТЭС бірінші кезегінің іске қосылуы облыс үшін стратегиялық маңызы бар, себебі ол облыстың импорттаушыларға энергия тәуелділігін толығымен жойды. Сонымен қатар келешекте Ресей Федерациясына электр энергиясын өткізу арқылы экспортты ұлғайту жоспарланған.