Бақытжан Сағынтаев Семейдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуымен танысты

1966

Өңірдің индустриялық дамуымен, атап айтқанда, машина жасау саласымен танысу аясында, премьер-министр "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС-ге, "СемАЗ" ЖШС-ге барды.

Бақытжан Сағынтаев Семейдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуымен танысты

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Семей қаласының өнеркәсіптік нысандарын аралап, онда отандық машина жасау саласының дамуымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Өңірдің индустриялық дамуымен, атап айтқанда, машина жасау саласымен танысу аясында, премьер-министр "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС-ге, "СемАЗ" ЖШС-ге барды. Бақытжан Сағынтаев автоқұрастыру зауытының жұмысын тексеріп, технологиялық процеспен және қосалқы бөлшектер мен аккумуляторлар өндірісі желісімен, түрлі дайындау сатыларындағы автокөлік құрастыру сапасымен танысты.

ШҚО-ның жалпы өңірлік өнімінің құрылымында өнеркәсіп үлесі 31,8% құрайды. 2017 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1581,5 млрд теңгені құрады. 2017 жылы өңдеу өнеркәсібінде автокөлік құралдарының, трейлерлер мен ашық тіркемелердің өндірісі 88,1%-ға, фармацевтикалық өнімдер 3,7 есеге, химия өнімдері 16,2%-ға, электр жабдықтары 74,8%-ға, басқа да дайын бұйымдар 22,3%-ға артты. 2018 жылғы қаңтар–тамыз аралығында өнеркәсіптік өнімдер шығару көлемі 1187,8 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі — 108,7%.

Кәсіпорын қалалық және қала маңына қатынайтын Daewoo жолаушылар автобустарын шығаруға маманданған. Сонымен қатар, биыл "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС жолаушыларды қалааралық тасымалдауға арналған тұтас металл шанағы бар "ГАЗель Next" автокөліктерін шығаруды игерді.

"2017 жылы 3 млрд теңгеге 136 автобус шығарылды. Осы жылдың қаңтар–тамыз айларында 2,3 млрд теңгеге өнеркәсіптік өнім шығарылды: 82 Daewoo автобусы шығарылды, бұл өткен жылғы деңгейден 7,9%-ға жоғары", — деді "СемАЗ" ЖШС және "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС бас директоры Ә. Досқожанов.

Жалпы, кәсіпорын бәсекеге қабілетті тауарларды шығаруға және экспорттауға бағдарланған. Бүгінгі таңда өнімдер ішкі нарықта және Кеден одағы мен ТМД елдерінде сұранысқа ие. Сонымен қатар, зауыт қуаттылығы жылына 1200 автобусты құрайтынын ескерсек, жаңа өткізу нарықтарына шығу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.  

Ә. Досқожановтың мәлімдеуінше, компания "Беларус" тракторларын және жүк көліктерін де шығарады. Осы жылдың 8 айында 4,2 млрд теңгеге өнім шығарылған. 170 "Беларус" тракторы, 186 жүк автокөлігі, соның ішінде 74 "SHACMAN" автокөлігі, 30 Foton жүк автокөлігі және 82 "Урал" жүк көлігі шығарылған. Бұдан өзге, кәсіпорында шығарылатын өнім түрлерін ұлғайту, соның ішінде 40 тонна жүк көтергіштігімен жүк көліктерінің жаңа түрін игеру мен  "Газель Бизнес", "Газель NEXT" құрастыру желісін шығару арқылы ұлғайту көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу