Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет үйінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (ТМЫК) бас хатшысы Рамиль Сахиб оглу Гасановпен кездесу өткізді, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, туристік және көлік-логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобалар, сонымен қатар ТМЫК-қа мүше мемлекеттердің іскерлік орталарының Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу мәселелері қаралды.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге 2009 жылы 3 қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-саммитінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қол қойылды.
ТМЫК мүшелері: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия. Хатшылықтың штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан.