Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

713

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

 

Премьер-министр Ереван қаласында (Армения) өткен ЕҮАК жұмысына қатысқаннан кейін Ақтауға ұшып келді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Облысқа келген бойда Бақытжан Сағынтаев Ақтаудың шағын аудандарының бірінде "Жаңа Серпін" өңірлік бағдарламасын іске асыру аясында тұрғызылған жатақханаға барды. Аталған бағдарлама жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етіп, жұмыссыз халықтың еңбекке жұмылуына жәрдемдесуге бағытталған.

Бұдан кейін ҚР премьер-министрі мемлекеттің қолдауымен тұрғызылған "Софи Мед Групп" ЖШС көпбейінді клиникасында болды. Бүгінде мұнда көптеген жалпы және бір жақты бейінді медициналық бағыттар бойынша қызмет көрсетіледі.  

Бұдан кейін "Атамекен" ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді. Онда шара қатысушылары мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, несие ресурстарының қолжетімділігін арттыру, туристік салаға қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ, өңірде ауыл шаруашылығын дамыту үшін суаруға арналған сумен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады

Бақытжан Сағынтаев ҚР үкіметі еліміздің бизнес ахуалын жақсартып, отандық бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жолында жүйелі негізде жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты. Бизнесті қайта реттеу бойынша белсенді шаралар қабылданып жатқанын, бүгінде бизнеске рұқсат құжаттамасының саны шамамен үш есеге қысқартылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, түрлі есептемелер мен мәлімдемелердің, негізсіз салық тексерулерінің санын қысқарту бойынша жұмыстар жалғастырылып жатыр. Бұдан өзге, бизнестің мемлекеттік сатып алуларға және квазимемлекеттік сектор сатып алуларына қолжетімділігін арттыру бойынша көлемді жұмыстар жүргізілді, еліміздің әрбір жүйе құраушы кәсіпорны бойынша жергілікті қамту көлемін ұлғайтудың мақсатты индикаторларын орнату жұмыстары бастау алды.

Қаржылық қолдау көрсетуде қазіргі таңда мемлекет өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асырып жатыр, оның аясында тиімді мөлшерлеме бойынша 18 млн теңгеге дейін шағын несиелер беріледі.

Үкіметтің отандық бизнесті дамыту бойынша кешенді жұмысы одан әрі жалғасын таппақ, себебі, мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі ШОБ-тің үлесі 2050 жылға қарай 50%-дан кем болмауы тиіс.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу