Бүгін Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысына келді. Премьер-министрдің жалпы өңір бойынша жұмыс сапары Екібастұз қаласынан басталды. Мұнда "Еуроазиаттық энергетикалық корпорация" АҚ (ERG) құрамына кіретін "Восточный" көмір разрезін аралау барысында өңірдің 2018/19 жж. жылыту маусымына дайындығымен танысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұ. Жазылбек осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша көмір өндіру көлемінің 3,5%-ға өскені байқалатынын айтты. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының қажеттіліктеріне жұмсалатын көмір қоры шамамен 120 мың тоннаны құрайды. Облыстың қалалары мен аудандарының отын базаларында халыққа арналған шамамен 18 000 тонна көмір бар. Халыққа көмір жеткізумен 300-ден астам жеке кәсіпкер айналысады. Жеткізу алшақтығына, түріне және сұрыпына қарай көмірдің бөлшек құны бір тоннасына 6700 теңгеден 17000 теңгеге дейін, соның ішінде тасты түрі тоннасына 6700–10 500 тг аралығында және қоңыр көмір 11 500–17 000 теңгеге дейінгі аралықта сатылады.
Әлеуметтік саланың қазандық нысандарына қалалар мен аудандардың әкімдіктерінің бюджеттерінде 183,3 мың тонна көлемінде қатты отынды сатып алуға 1,376 млрд теңге сомасында қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда тұтыну орындарына 176 мың тонна жеткізілді. 20 орталық қазандыққа 47,7 мың тонна көмір жеткізілді. Көмірді жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес орындалып жатыр.
Нысанды тексеру барысында "Еуроазиаттық энергетикалық корпорация" АҚ президенті В. Гриненко Қазақстанда өндірілетін энергетикалық көмірдің 20%-ға жуығы "Восточный" көмір разрезінің үлесіне тиесілі екенін жеткізді.
Бақытжан Сағынтаев өндірістік процестің технологиялық желісімен танысып, елімізде теңдесі жоқ жаңа өнеркәсіптік нысанды — жылына 10 млн м3 аршыма тау жыныстары қуатымен циклді-толассыз аршыма тау жыныстары кешені жобасын іске қосты