Президент "патриотизм" сөзінің сипаты да, мазмұны да өзгеріп жатқанын баса айтты. Оның сөзінше, "қазіргі жастар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық". Расында да, әр адам өзінің адал еңбегі арқылы елінің дамуына сүбелі үлесін қоса алады. Отаншылдық пен елге деген шынайы сүйіспеншілік осындай нақты әрекеттерден көрінетіні сөзсіз, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ассамблея жастары" РҚБ Қызылорда облысы бойынша филиалының жетекшісі Елена Пак патриотизм ең бірінші отбасынан басталады деп санайды.
"Өйткені бала дүниеге келген сәттен бастап ата-анасының тәрбиесі арқылы туған жерін, елін, тілін құрметтеуді үйренеді. "Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Ең алдымен, бала бойында Отанға деген сүйіспеншілік, отбасы құндылықтарын бағалау, ұлттық дәстүрлерді сақтау, үлкендерге құрмет көрсету, кішіге ізет көрсету және ана тілінде сөйлеу қасиеттері қалыптасады. Әрбір азамат үшін туған жері қымбат. Сол туған жердің тарихын біліп, мәдениетін құрметтеп, әрбір ісіне бейжай қарамау да нағыз патриоттықтың белгісі. Жалпы патриотизм деген сөздің мағынасы кең әрі тереңде жатыр. Қазақстан деген ортақ қара шаңырақтың астында 130-дан астам ұлт бір отбасыдай тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың барлығы еліміздің дамуына өздерінше үлестерін қосып, әр салада білікті, жоғары деңгейде қызмет атқаруда. Міне, болашағына үлес қосатын адам – нағыз патриот", – деді ол.
Осы тұста жастар арасында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру үшін Ассамблея тарапынан қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр деген сұрақ туындайды. Филиал жетекшісінің айтуынша, қазіргі қоғамда өскелең ұрпақтың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру – аса маңызды міндеттің бірі. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше.
"2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Ассамблея жанынан "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Еліміздің әр өңірінен нағыз белсенді жастар жиналған ұйым басты 6 бағыт бойынша жұмыстар атқарып, түрлі жобалар іске асырылды. Сол алты бағыт ішінде Отанға деген сүйіспеншілікті, нағыз жастың бойынан патриоттық сезімді қалыптастыратын ең алдымен мемлекеттік тіл саясаты бағыты, "Қасиетті парыз" – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған жоба", – деп атап өтті спикер.
Елена Пак Ассамблея жастар арасында патриоттық тәрбиені дамыту мақсатында түрлі жобалар мен іс-шаралар ұйымдастыратынын да тілге тиек етті.
"Соның бірі Сыр өңірінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін "Өз еліңді таны" жобасы аясында жастар еліміздегі тарихи орындарға саяхат жасап, киелі жерлермен танысып, тарихқа бір сәт болсын шолу жасайды. Атап айтсақ, Жібек жолы өткен, бұрынғы астана болған Сауран, Сығанақ, Отырар және т.б көне қалаларға барады. Сондай-ақ Ассамблея жастары волонтерлық және қайырымдылық шараларына да үнемі атсалысады. Олар әлеуметтік жобаларға қатысып, қоғамға көмек көрсетеді. Бұл жастардың жауапкершілігін арттырып, елге деген сүйіспеншілігін қалыптастырады. Жалпы алғанда Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл бағытта маңызды жұмыстар атқарып келеді. Түрлі жобалар, мәдени іс-шаралар және қоғамдық бастамалар арқылы жастарды ел бірлігін сақтауға, Отанын құрметтеуге және қоғамның белсенді азаматы болуға тәрбиелеп келеді", – деді "Ассамблея жастары" РҚБ Қызылорда облысы бойынша филиалының жетекшісі.