Балалардың құқықтарын қорғау комитеті блогерлерді, инфлюенсерлерді және медиа саласының мамандарын балалардың құқықтарын сақтауға және қолданыстағы заңнаманы қатаң ұстануға шақырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
− Әлеуметтік желіде баласының құқықтары бұзылғанын мәлімдеген ананың видеоүндеуі тарады. Бұл – танымал блогерлердің бірі жариялаған, кәмелетке толмаған баланы түсірген бейнематериал. Комитет төрағасы Насымжан Оспанова баланың анасымен тікелей байланысқа шығып, жан-жақты көмек ұсынды – психологиялық және заңгерлік көмек қарастырылды. Қажет болған жағдайда Комитет баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ресми түрде сот процесіне қатысуға дайын, − деп жазылған комитет хабарламасында.
Айта кетейік, кейде балалардың қатысуымен түсірілген видео жақсы ниетпен түсірілсе де, баланың психологиялық жай-күйіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан баланы түсірмес бұрын алдымен ата-анасының рұқсатын алуы керек.
− Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабына сәйкес, кез келген адамның, соның ішінде баланың бейнесін жариялау тек оның немесе заңды өкілінің келісімімен ғана жүргізіледі. Сондай-ақ, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңға сәйкес, баланың бейнесі қолжетімділігі шектеулі жеке дерек боп саналады және заңмен қорғалады. Құрмет, қорғау және қауіпсіздік – әрбір баланың құқығы. Бұл құқықтар шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де қамтамасыз етілуі керек, − дейді комитет.