Бала күтіміне жәрдемақы төлеу мерзімі 1,5-3 жылға ұлғаюы мүмкін

1272

Жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді.

Бала күтіміне жәрдемақы төлеу мерзімі 1,5-3 жылға ұлғаюы мүмкін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 немесе 3 жылға ұлғайту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын мәлімдеді. 

"Бала күтімі үшін тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақының төлеу мерзімін 1,5-3 жылға дейін ұлғайту нұсқасылары талқыланып жатыр. Табысы аз отбасылардағы мектепке бармайтын мүгедек балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы үйіне жеткізу мүмкіндігі де қарастырылуда", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Ана мен баланы қолдау үшін бірқатар мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. 

"Қазір бала туу және 1 жасқа дейінгі баланың күтімі үшін жұмыс істемейтін аналарға бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы, ал жұмыс істейтін аналарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем төленіп жатыр. Былтыр бюджеттен 78 млрд теңге, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 167 млрд теңге бөлінді. Биыл бюджеттен 84 млрд, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 187 млрд теңге бөлінеді", – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзінше, бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің зейнетақы жарналары субсидияланып жатыр. 

"Субсидиялауға 2019 жылы 5 млрд теңге бөлінді. 2020 жылға 6 млрд теңге қарастырылды. "Алтын алқа", "Күміс алқа" төсбелгілерімен марапатталған, "Батыр ана" атағын алған 235 мың көпбалалы анаға арнайы жәрдемақы төленіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі балаларға, кәмелетке толған мүгедек азаматтарға күтім жасап отырған 99 мың адам ай сайын мемлекеттен жәрдемақы алып отыр", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу