Қазақстанда "Бала-шағамен солтүстікке" жобасы басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жобаны Dauletten қайырымдылық қоры қаржыландырады.
"Мақсат – 5 отбасыны Қазақстанның солтүстігіне қоныстандыру. Отбасыларға баспана, балаларды мектепке орналастыру және кәсіп бастауға 1 млн теңге қайтарымсыз қаражат беріледі", – деп жазылған хабарламада.
Жобаға 2022 жылдың 5-15 сәуір аралығында 1 311 өтінім түсіп, алғашқы кезеңде өтінім берген қатысушылардың арасынан жоғары балл жинаған 20 отбасы таңдалып, психолог маманмен сұхбат жүргізген.
Келесі іріктеу кезеңіне жиыны 10 отбасы өткен. Соңғы кезеңде жоба қатысушыларымен қордың қамқоршылық кеңес мүшелері, сенат депутаттары, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихат депуттары, қоғам белсенділер, журналистермен сұхбат жүргізді. Оның ішінде Дана Нұржігіт, Ләззат Мұратқызы, Досымжан Таңатаров, Нағашыбек Алдан және т.б. тұлғалар қатысты. Қоныс аударатын жандардың атқаратын жұмыстарына, бизнес идеяларына мән берілді.
Сөйтіп "Бала-шағамен Солтүстікке" жобасында үздік танылған 5 отбасыіріктеп алынды. Олар:
1. Сұлтамұратов Аманжол - Нұрғалиева Гүлзира, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылы 6 балалы отбасы,
2. Әйтімов Айдос - Сатыбалдиева Әлия Шымкент қаласы 7 балалы отбасы,
3. Салқымбай Эльдар - Мұхаметжан Айкүміс Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі 5 балалы отбасы,
4. Баймырзаев Абзал - Маханова Перизат Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған бекеті 5 балалы отбасы,
5. Байғұлов Мұратбай - Ұзақова Гүлнұр Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Бесшоқы ауылы 6 балалы отбасы.
Қор тарапынан қатысушыларға төмендегідей көмек көрсетіледі:
Ауылдан үй алынады;
Жарты жылда 60 мың төленеді;
Оқушы балалардың жаңа оқу жылына мектеп құрал-жабдықтары алынады;
Үйдің ауласына картоп, сәбіз, орамжапырақ егуге дән беріледі;
8-10 тонна көмір беріледі (қыс басталғанда, бірінші жылы);
Көшу, жол шығындары толық қор есебінен төленеді.
"Жобаға қатысушы көшіп барған ауылында 3 жыл тұрса, үй оның атына аударылады. Оған дейін баспана қордың жеке меншігінде болады", – деп жазылған хабарламада.