Шымкентте жас баланы зорлады деген күдікпен 33 жастағы ер адам ұсталды. Бұл ақпаратты өңірдің ІІД баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түсінікті болу үшін айта кетсек, кеше белгісіз ер адамның көпқабатты үйлердің подьезінде баланы зорлаған көрінісі және оны зейнет жасындағы әйел қуып шыққан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған болатын. Әрі бұл көрініс әлеуметтік желілерге тарап, жұрттың наразылығын туғызған еді. Осы мәселеге қатысты бүгін Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметі күдіктінің ұсталуына қатысты ақпарат таратты.
"Әлеуметтік желілерде ер адамның бала зорлауға қатысты бейнекөрнісі бойынша іс Шымкент қалалық ІІБ Еңбекші аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тәртіп сақшылары жаппай іздеу шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті қолға түсіп, уақытша тергеу изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бейнекөріністегі баланың жас екенін ескере отырып, оған және отбасының жағдайына түсіністікпен қарап, аталған бейнетүсірілімді таратпауларыңызды сұраймыз", -делінген хабарламада.
Бұл жағдайға байланысты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі де ресми хабар таратты. "Ұсталған күдікті 1985 жылы туған. Шымкент қаласының тұрғыны. Анасымен бірге тұрады. Жауап алу барысында ол қылмысын мойындады",- деді баспсөз қызметіндегілер.