Соңғы уақытта балабақшалар төңірегінде түрлі шулы оқиғалар көбейіп кетті. Тәрбиешілердің бүлдіршіндерді тоқпақтап жатқан сәтін кездейсоқ көріп қалған куәгерлер видеоға түсіріп, интернетке салып жіберген соң ғана тиісті шаралар қолданылуда. Осыған байланысты, ата-аналар балабақшаларға бейнебақылау орнату туралы бастама көтерген болатын. Алайда, мектепке дейінгі мекеменің басшылары мұндай ұсынысты қабылдауға қарсы екен. Бұл туралы Бағдат Мусин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, дейді qasym.kz.
"Осыдан бірнеше жыл бұрын маған бір азамат стартап әкелген болатын. Ол өз қаражатына балабақшаларға бейнебақылау камерасын орнатқысы келді. Бұл үшін бір тиын да сұрамайды. Тек баласының балабақшадағы жағдайын білгісі келетін ата-аналарға ерікті түрде абоненттік төлем арқылы бейне камера жазбаларын ұсынып, сол арқылы пайда тапқысы келді. Өкінішке қарай, мен балабақшалардың мұндай ұсынысты қабылдағысы келмейтінін білдім. Олар өздерінің ішкі құпиясын ашқылары келмейді", – деп жазды Бағдат Мусин.
Ол алдағы уақытта ҚР БҒМ мен жергілікті әкімдіктер бұл мәселені шешудің жолын табады деп үміттенетіндігін жеткізді.