Балабақша бухгалтері 7,5 жылға сотталды

866

Өзінің есеп шотына шамамен 39,5 миллион теңге аударған.

Балабақша бухгалтері 7,5 жылға сотталды Фото: Inbusiness.kz

Жетісу облысы Ақсу аудандық соты сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе талан-таржға салу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жетісу облысы Ақсу аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматша Д. Ақсу ауданының мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының (балабақша, МКҚК) бухгалтері лауазымында жұмыс істеген.

МКҚК-да жұмыс істеген кезде балабақшадағы топтардың жетпеуіне байланысты қызметкерлерге еңбекақы төлеуге бөлінген ақша қаражатын үнемдеу қалыптасқан.

"Д. бухгалтер бола жүріп, МКҚК-дегі өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, 2021 жылғы қаңтар айынан бастап "Онлайн банкинг" банк жүйесінде төлем тапсырмаларын орындау жолымен "Қазақстан Халық банкі" АҚ-дан өзінің карточкалық шотына ақша қаражатын жөнелткен. Қылмыстық іс-әрекет осындай жағдайлар бойынша 2023 жылдың ақпан айына дейін жалғасқан", - делінген хабарламада.

Сот-экономикалық сараптаманың қорытындыларына сәйкес - азаматша Д. жалақы түрінде 2021 жылдың басынан 2023 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде өзінің есеп шотына шамамен 39,5 миллион теңге аударған.

Баптың санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

"Айыпталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен расталды. Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды – кінәні мойындауын, шын жүректен өкінуін, залалды ішінара өтеуін және онкологиялық ауруының болуын ескере отырып, ҚК-ның 189-бабының 4-тармағының 2-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Д.-ны кінәлі деп таныды және оған 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген хабарламада.

Жәбірленушінің 38,5 миллион теңге сомасы көлеміндегі талап қоюы толық көлемде қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу