"Балабақша жабылсын!": Ақтөбеде шу шыққан мектепке дейінгі ұйымда тексеру жүріп жатыр

416

Істің мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

"Балабақша жабылсын!": Ақтөбеде шу шыққан мектепке дейінгі ұйымда тексеру жүріп жатыр Фото: inbussines.kz

Жеке балабақшада айқай –шу неден шыққанын ата-аналар айтып берді. Наразылықтарын білдірген бір топ ата-ананың баласы "Балапан" тобына барады екен. Ол жерде 2-3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Топта бір тәрбиеші, бір бала күтуші бар. 

"Он бесінші қараша күні қызымның қабағының үстін жырып кеткенін көрдім. Әуелі құлап қалған шығар, ойын баласы ғой деп ойладым. Өйткені, бұған дейін беті көгеріп келгенде тәрбиеші хабарласып, бір бала машинамен ұрып қалды деген еді. Кейін қызымды ұйықтар алдында киіндіріп жатып арқасында көгерген іздерді көрдім. Баланың ұрғанына немесе құлап қалғанға ұқсамайды. Сосын дереу тәрбиешісіне хабарластым, ол телефонын көтермеді. Директоры да байланысқа шықпай қойды. Сосын ата-аналардың ортақ "чатына" қызымның жарақатының суретін салдым. Сөйтсем, жалғыз менің балам емес, көп ата-ана баласының денесі көгеріп келетінін айтты. Сонда тәрбиешілер, бала күтушілер қайда қарап отыр? Біздің талабымыз — балаларды ұрған тәрбиеші мен күтуші, мән-жайды бақыламаған меңгеруші мен директорды жауапқа тартсын, бұл мекеме  жабылсын, ол адамдарды педагог дипломнына айырып, бұл салада  жұмыс істемейтіндей шара қолдансын!" — деді ата-ана Әсел Халидолла. 

Жалғыз Әсел емес, тағы бірнеше ата-ана баласының бет-аузы, денесінде көгерген іздерді байқағанын айтты. Осы жайттан кейін біраз ата-ана баласын балабақшадан шығарып алған. 

"Менің қызым да осы балабақшаға келетін. Қыркүйек айының соңында арқасының қызарып тұрғанын көрдім, Кілемге ме,  тықыр нәрсеге жырылады ғой, сондай жырылған жарақат болып тұрды. Мән-жайды тәрбиегісінен сұрасам, ол апай бала үйден солай келді, мен көрдім, суретке түсіріп алдым, бірақ сізге жібермедім" деп мойындамады", — дейді Арайлым Әбдіғапарова.

Балабақшада  арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында  білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету, санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің өкілдері бар.
Ақтөбе қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, жеке балабақша болғанымен, мектепке дейінгі ұйымда 70 орынға  мемлекеттік  тапсырыс орналастырылған.

Қазіргі таңда  зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу