Балабақшада неге айлық аз – Назарбаева Үкіметке тағы жүгінді

1075

Депутат Дариға Назарбаева бұл мәселе бойынша Үкімет басшысына екінші рет сауал жолдап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Балабақшада неге айлық аз – Назарбаева Үкіметке тағы жүгінді

"Жекеменшік балабақша мұғалімдерінің жалақы деңгейіне байланысты тағы да  Cізге жүгінуге мәжбүр болып отырмын", – деді депутаттық сауалын Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутат.

Депутаттың айтуынша, биыл 10 ақпанда Мәжіліс депутаттары жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру, атап айтқанда, оларды қаржыландырудың жеткіліксіздігіне қатысты мәселені көтерген.

"Сіздің депутаттық сауалға берген жауабыңызға сәйкес, Үкімет жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қолдау үшін салық төлеуден босату, шығындарды жабуға мүмкіндігін жасау мақсатында бару фактісінсіз мемлекеттік тапсырысты  тапсыру, жалақыға үстемақы төлеу сияқты тиімді шаралар қабылдаған. Жергілікті бюджет қаражатының жеткіліксіздігі мәселесі бар облыстардың әкімдіктері биылғы республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуге бюджеттік өтінімдер жіберді. Алайда республикалық бюджеттен тиісті ағымдағы нысаналы трансферттер бөлінген жоқ", - деді ол.

Мәжіліс депутаты осыған байланысты Үкімет басшысына бірнеше сұрақ жолдады.

"Неліктен бұл қаржыландыру 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде ескерілмеді? Биылғы қаржы жылында Түркістан және Алматы облыстарына қосымша қаражат бөлу көзделіп отыр ма? Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын жан басына нормативтік қаржыландыру үшін ағымдағы нысаналы трансферттерге қажеттілігінің тұрақты мониторингі жүзеге асырылады  ма?" - деп Үкіметке сауал жолдады депутат.

Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу