Балабақшаға орналасу жүйесінде жемқорлық бар - ата-аналар

589

Атырауда бүлдіршіндерін балабақшаға орналастыра алмаған ата-аналар шу шығарды. 

Балабақшаға орналасу жүйесінде жемқорлық бар - ата-аналар Фото: Google

Олар жүйеде жемқорлық барына сенімді. Соның кесірінен кезекті ұзақ күтуге тура келеді дейді. Ал сайтқа жауаптылар мұндай уәжді жоққа шығарып отыр. 

5 баланың анасы Ақтолқын Мұқышева екі жыл бұрын кезекке тұрған. Үй маңынан су жаңа балабақша ашылғанда төбесі көкке жетіпті. Көп ұзамай қуанышы су сепкендей басылған. Бөбекжайға жолдама ала алмаған ол, жүйеде жемқорлық бар деп ойлайды.

"Жексенбіден дүйсенбіге дейін 121 орын болған. Оның скрин видеосы бәрі бар. Порталға  кірсең орынның бәрі қысқарып кеткен. Бәріміз қалған орынды аламыз деген үмітпен кіреміз. Бірақ бірде біреуіміз ала алмаймыз", дейді Қала тұрғыны Ақтолқын Мұқышева.

Проблема бас-аяғы 100 ата-анаға ортақ. Бәрі жұмыстың ашық болғанын қалайды. Жауапты тарап болса, "indigo" сайтына ата-аналардың өздері өтініш беретіндігін, кейін оны балабақша қызметкерлері мақұлдайтындығын алға тартады. Әрі жүйенің ашықтығына сендіреді.  

"Бұл жерде бөтен біреудің араласуы мүмкін емес. Қалалық білім бөлімі тек кезекте кім тұрғанын, кім балабақшаға барғанын көре алады. Олардың біреуді кезектен алып тастауға не жылжытуға құқығы жоқ. Себебі сайтқа кез келген адам өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тіркеледі", дейді "Indigo24.kz" сайтын әзірлеуші Руслан Көпжасаров. 

Кем-кетіктің бар-жоғын білу үшін, ата аналар білім бөліміне арыздануы керек. Құқық бұзғандар болса, тиісті жаза алады. Сөйтіп, кезек қайта жасақталады.

"Ең бірінші кезекті бұзғандардың бар жоғын тексеріп, болған жағдайда бастапқы кезекті қалпына келтіру керек. Кейін ата аналар ереже бойынша жолдамаларын алады", дейді "Indigo24.kz" сайтын әзірлеуші Руслан Көпжасаров. 

160 балаға шақталған бөбекжайға қазір 15 бала ғана барып жүр. 69 ана құжат әзірлеуде. Қалған 60 орын бос тұр. Енді сайтқа тіркелу процесі қиындап, қатаң бақылауға алынбақ. Әлеуметтік желіде де балабақша орнын сататындардың жарнамасы көбейген. Білім саласындағылар ол мәліметтердің бәрін тікелей прокуратураға жолдап отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу