Балабақшаларға талап күшейеді

826

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Балабақшаларға талап күшейеді

"Орнатылған бейнекамералардың арқасында қоғам балалардың құқықтары бұзылған фактілер туралы хабардар етіп отыр. Бұл балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі туралы ұстанымымыздың өзектілігін растайды", – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ведомство басшысы балабақшалар санын көбейту үшін он жыл бұрын қабылданған шешім сан мәселесін шешкенімен, сапа мәселесі сол күйі өзекті болып қалғанын айтты. Балабақшаларды лицензиялау, оларды мемлекеттік бақылау, мониторингтеу және олардың қызметін реттеу тоқтатылған еді.  

"Балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай фактілер жеткілікті.

Екі жыл бұрын біз лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасадық. Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасының, балабақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеді.

Бірақ біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпадық. Былтырдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңілден шықпады. Тексерістен өткен балабақшалардың 80%-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмады", – дейді Аймағамбетов.

Яғни балабақшаларда бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмаған, оқу-тәрбие жұмыстары мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарына сай келмейді. Тәрбиешілердің балаға қол жұмсауы сынды келеңсіз фактілер болып орын алып жатыр.

Министрдің сөзінше, олқылықты түзету үшін қазір ведомство бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр:

1. Лицензиялауды қайтару. "Бұл мәселе бойынша депутаттардың, қоғам мен мемлекеттік органдардың қолдауына үміт артамыз", – дейді ведомство басшысы.
2. Жұмыс жағдайлары мен сапасын тексеріп, барлық балабақшаны аттестациялаудан өткізу.
3. Балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейту.
4. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру.  Колледждер мен ЖОО-ларда мамандарды даярлау сапасын арттыру.
5. Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту.

"Соңғы жылдары балабақша тәрбиешісі мамандығына оқуға түсуге конкурс күрт төмендеп кетті. Бұл ең алдымен жалақыға байланысты. Тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өскенімен, базалық жалақының аздығынан ол әлі де болса жеткіліксіз болып отыр. Қазір біз бірнеше балабақшада пилоттық жоба бастадық. Бұл жоба бойынша екі тәрбиеші жарты күн емес, күні бойы жұмыс істеп, екі есе жалақы алады. Кейін пилоттық жоба нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Әрине, жекеменшік балабақша ашатын кәсіпкерлерді қолдау маңызды екенін түсінеміз. Бірақ біздің жұмысымыздағы басты бағыт – балалардың қауіпсіздігі және оларға қолайлы әрі сапалы жағдай жасау. Мұндай ережелер ата-аналар үшін маңызды және адал кәсіпкерлер үшін пайдалы деп есептеймін", – дейді Асхат Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу