Балағат сөз айтқандарға айыппұл салынуы мүмкін

765

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.  

Балағат сөз айтқандарға айыппұл салынуы мүмкін Фото: AI Atameken Business

Қазақстанда қоғамдық орында балағат сөз қолданған азаматтар куәгерлер болмаса да жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомствоның түсіндіруінше, қоғамдық жерде бейәдеп, былапыт сөздер айту Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады.

Мұндай құқық бұзушылық үшін шамамен 86 мың теңге көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген. Егер азамат бұл әрекетті бір жыл ішінде қайталап жасаса, қамау мерзімі 20 тәулікке дейін ұзаруы мүмкін.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, басты назар құқық бұзушылықтың қоғамдық сипатта жасалуына аударылады.

"Қоғамдық орындарда айтылған балағат сөздер жанында адамдар болмаса да құқық бұзушылық ретінде тіркелуі мүмкін. Егер бұл дерек бейнекамералардағы жазбалармен немесе басқа да дәлелдермен расталса, азамат жауапкершілікке тартылады", – деп түсіндірді министрлік.

Құқық қорғау органдары мұндай фактілерді патрульдеу кезінде, интернет кеңістігін бақылау барысында және азаматтардың "102" қызметіне немесе электронды жүйелер арқылы жолдаған өтініштері негізінде анықтайды.

Бұл норма адамның боқтық сөзін міндетті түрде көпшілік естуі керек дегенді білдірмейді. Құқық бұзушылықтың болғанын полиция тиісті дәлелдермен анықтауы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу