Балалар арасында құрт ауруының кездесуі сиреп келеді

1236

2008 жылдан бастап 10 жылдың ішінде 2,5 есеге азайды. 

Балалар арасында құрт ауруының кездесуі сиреп келеді

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған ауру бойынша жиі тіркелген ауданды атады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Астанада соңғы 10 жылда құрт ауруынан зардап шеккендер санының 4,5 есеге азайғаны байқалады. 100 мың адам басына шаққанда 2008 жылы 125,5 болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 48,4-ке кеміп отыр. Өткен жылы 2017 жылмен салыстырғанда бұл ауруға ұшырау көрсеткіші 10,2%-ға азайған.  

"Соңғы 10 жыл ішінде туберкулез ауруы бойынша кісі өлімі азайып келеді. Атап айтсақ, 4,4 есеге азайды, яғни 100 мың адамға шаққанда 12,4-тен 2,8-ге кему байқалады. Дегенмен өткен жылы өліммен аяқталу жағдайы артқанын байқадық, 2017 жылы 1,8 болса өткен жылы 2,8-ді көрсетті", – деді Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Нәдіров қалалық мәслихат отырысында.

Оның айтуынша, бұл ауру бойынша өлім жағдайы өсуінің себебі, Астанадағы ішкі көші-қонмен түсіндіріледі.

"Өткен жылы туберкулезден қайтыс болған 29 адамның 10-ының Астанаға келгеніне 2-3 ай ғана болған. Ауруханаға жеткізілгенде олардың жағдайы ауыр болды. Яғни ауру деңгейі асқынып кеткен", – деді ол.

Дегенмен, жалпы алғанда туберкулез ауруына ұшыраудың төмендеп келе жатқаны байқалады, оған дәлел 2017 жылы 27,8% болса, өткен жылы 17,2%-ға төмендеді. Демек, бұл дер кезінде тексерілу, тиісті дәрі-дәрмек қолдану және уақытында ем алу керек дегенді білдіреді.

"Туберкулез ауруы бойынша жасалған талдау нәтижесі көрсеткендей, аталған ауру қаладағы Сарыарқа және Алматы ауданында орын алуда. Қала бойынша 100 мың адам басына шаққанда 48,4 көрсеткіш болса, аталған аудандарда 56, 57,9 пайызды көрсетіп отыр. Осыған қарамастан 2017 жылмен салыстырғанда өткен жылы Алматы ауданында туберкулез ауруына ұшырау 9%, ал Сарыарқа ауданында 1%-ға кеміп отыр", – деді Қамалжан Нәдіров.

Одан бөлек, жалпы Астана бойынша құрт ауруы инфекциясының таралуы соңғы 5 жылда 2,2 есеге азайып отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 13,4%-ға азайған.

Статистикаға сүйенсек, 2008 жылы 2040 жағдай тіркелсе, 2018 жылы 855 жағдай орын алды. Сондай-ақ, бұл ауруға балалардың ұшырау көрсеткіші де төмендеп келеді, 2008 жылдан бастап 10 жылдың ішінде 2,5 есеге азайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу