Балалар ауруханасының күрделі жөндеуіне депутаттар араласпақ

562

Сағызша созылған балалар ауруханасының күрделі жөндеуі енді депутаттардың да бас ауруына айналды. 

Балалар ауруханасының күрделі жөндеуіне депутаттар араласпақ Фото: АлауТв

2 жыл бұрын тапсырылуы тиіс нысандағы құрылыс жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жұмысты жеделдету үшін Парламент пен Мәслихат депуттары келіп, іске кірісті. 

Жөндеуі аяқсыз қалған бұл ғимарат 2 жыл бойы есік-терезесі тарс бекітулі тұрды. Екі тарап соттасып жүргенде, 3 жыл өте шықты. Бұл дау-дамайдан науқас балалар мен ақхалаттылар әбден мезі болған. Облыстық балалар ауруханасы қаланың екі шетіндегі тар ғимараттарға уақытша көшірілген еді.

"Бізге өте қиын. Экономикалық жағынан шығын көп. Диагностикалық тексеріс не дәрігердің ақыл-кеңесін алу үшін бір ғимараттан екіншісіне көлікпен қатынаймыз.  Науқастар мен олардың ата-аналары, ұжым да әбден қажыды", дейді Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Ержанов.

Облыстық балалар ауруханасында күрделі жөндеу 2021 жылдың қаңтарында аяқталуы тиіс-ті. Жоба құны 1 млрд 200 млн теңге. Мердігер тапсырыстың 85 пайызын тәмамдағанда аурухана басшылығымен соттасып, іс тоқтап қалды. Дауласып жүргенде құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Жөндеуді аяқтау үшін тағы да қосымша қаржы қажет. 

"Қаржы жағынан дайынбыз. Бүгінде ең бастысы жұмысты бастап кету. Бір-бірімен сотсыз шешуге болмады. Қазір жұмыс басталып кетсе қаржы жағынан біз шешеміз", дейді Облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Есжанов.

Халық қалаулылары қолымызды мезгілінен кеш сермедік. Дау-дамайға ертерек араласу керек еді деп өкініп жүр.

"Ең басында осыны тоқтатып, қолға алып, үкіметке, облыстық мәслихатқа жеткізсе басқаша сценарий болуға мүмкін еді", дейді Облыстық мәслихат жанындағы тұрақты комиссияның төрағасы Бауыржан Тибеев.  

Мердігер компания - Павлодар облысында тіркелген. Жергілікті құрылысты сырттан келетін фирмаларға тапсырудың соңы көбіне осындай тығырыққа тірейді дейді сенатор. 

"Мемлекеттік сатып алу туралы заңға көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр. Бірақ бәрі мінсіз болып кетті дей алмаймыз. Өткен жылы бюджет қаржысының қомақты бөлігі игерілмей қалды. Бұған басты себептердің бірі мемлекеттік сатып алу туралы заңдағы олқылықтар. Сондықтан оны әлі де жетілдіре түсу қажет", дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Карплюк. 

Сенатордың айтуынша, құрылыс жұмыстарына байқау жариялағанда жергілікті компанияларға басымдылық беру жолдары заң жүзінде бекітіледі.  Ал, балалар ауруханасының күрделі жөндеу жұмысын жылдам аяқтау мердігер компанияның шапшаңдығына байланысты. Құжат жағы шұғыл шешілсе жазда тапсырылуы тиіс.

Гүлнұр Мұратқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу