Деректер банкі арқылы 394 бала отбасылы болды

1527

Деректер банкі арқылы 394 бала отбасылы болды

2009 – 2017 жылдар аралығында балалар үйлері тәрбиеленушілерінің саны 15 116 адамнан 6 223 адамға дейін, яғни 60%-ға қысқарды. Балалар үйлерінің желісі 213-тен 137-ге дейін, яғни 35%-ға азайды, деп хабарлайды primeminister.kz.

2017 жылдың басынан бері 22 баланы қабылдаушы отбасы құрылды, отбасы құрылымының 4 формасы — асырап алу, патронат, қорғаншылық, баланы қабылдаушы отбасы заң жүзінде бекітілді және оларды мемлекет қаржылай ынталандырады.
2017 жылы республикалық жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар банкі жұмыс жасай бастады. Балаларды өз отбасыларына қабылдағысы келетін азаматтар үшін бюрократиялық кедергісіз, қысқа уақытта өздері балаларды таңдап алу мүмкіндігі туды. Тек 2017 жылдың басынан бері банк арқылы 394 бала асырап алынды және отбасыларын тапты, 2 437 бала қорғаншылыққа, 219 бала патронаттық тәрбиеге берілді. Бұл сөзсіз тиімді механизм болашақта қандай да бір себептер бойынша ата-аналарымен тұра алмайтын балалардың барлығын дерлік отбасыларға уақытша немесе кәмелеттік жасқа толғанша ұзақ мерзімге орналастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өткен жылы ұйымның жаңа үлгісі — қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы енгізілді. Орталықта басты күш баланы биологиялық отбасында сақтауға жұмсалады және балаларды ата-аналарына қайтару мүмкін болмаған жағдайда ғана бала үшін отбасыны таңдау жұмысы жүргізіледі.
Бүгінгі күні облыстық орталықтардан алыс орналасқан елдімекендердегі ірі интернат үлгісіндегі балалар үйі, пана үйлері базасында осындай орталықтар ашуға мүмкіндік бар. Ол балаға қандас туысқандарымен байланысты сақтау құқығын және кәмелеттік жасқа толған соң әрі қарай өмір сүру және жұмысқа тұру мәселелерін шешуге, тұрғылықты жері бойынша үймен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.
Қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына 2013 жылы енгізілген түзетулерге сәйкес жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға Ұлы Отан соғысының қатысушыларымен тең құқыққа ие болды. Бұл тек 2014–2017 жылдардың өзінде ғана осы санаттағы 4 459 балаға өз үйінің иесі болуға мүмкіндік берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу