Балалар құқығына қатысты кінәлілер жазалануы керек – Президент

743

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинды қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Балалар құқығына қатысты кінәлілер жазалануы керек – Президент

Кездесу барысында Мемлекет басшысына балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты бұған дейін берген тапсырмаларының нәтижесінде қабылданған шешімдер жайында егжей-тегжейлі баяндалды.

Аружан Саин Қасым-Жомарт Тоқаевқа балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендетуге бағытталған Мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі жол картасының орындалуы жайында мәлімет берді. Оның айтуынша, талма, орфан және басқа да ауруларға шалдыққан балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты бірқатар шешілмеген проблемалар бар.

Балалар омбудсмені 2020 жылғы 30 желтоқсанда Президент қол қойған заңның күшіне енуіне байланысты қалыптасқан ахуал жайында айтты. Аталған заң мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар туралы түсінікті заңнамалық тұрғыдан бекітіп, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатысатын балаларды барынша қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды көздейді. Бұл ретте Аружан Саин мемлекеттік тапсырысты орындау үшін әкімдіктер бөлген бюджет қаржысының аз екеніне алаңдаушылық білдірді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Президентке денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беру жүйелеріндегі мекемелерде, оның ішінде, интернатта, балалар үйінде және мамандандырылған интернаттарда білім алатын балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. Сондай-ақ балалар құқығын қорғауға байланысты заң бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.

Сонымен қатар Уәкіл институтын "Омбудсмен туралы" Заң қабылдау және мемлекеттегі құқық қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру тұрғысынан қолдау мәселесі талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғаудың аса маңызды екенін айта келе, көтерілген мәселе бойынша бірқатар тапсырма беріп, мұны әрқашан жіті бақылауында ұстайтынын айтты. Президент барлық баланың құқығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет міндеттемелерінің сөзсіз орындалуы, балалардың мұқтаждығы үшін бөлінген бюджет қаржысы олардың нақты қажеттілігіне жұмсалуы тиіс екенін жеткізді. Мемлекет басшысы балалардың құқығына қатысты заң бұзушылықтарға алып келетін кез келген қиянатты іс-әрекеттердің жолы кесіліп, кінәлілер жазалануы керек деп санайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу