Балалар Tiktok-тағы құмар ойынға басымен кіріп кеткен

527

Миллиардтаған қолданушысы бар желінің тікелей эфирін бақсы-балгер, құмар ойын мен ЛГБТ-ны насихаттайтындар жаулап алды

Балалар Tiktok-тағы құмар ойынға басымен кіріп кеткен

Балалар TikTok-тағы құмар ойындарға басымен кіріп барады. Желіде жеңіл пайда табуға шақырып, аз ақшасын мол табыс етуге үндейтіндер де көбейіп кетті. Биліктегілер бұл қылмысты ұйымдастырушылардың ізінен түсіп, 200-ге жуық аккаунты бұғаттаған.

Алайда, депутаттар "бұл - мәселенің шешімі емес, тик-токқа мүлдем тыйым салу керек" деп отыр. Біздің мәжілісмендер Қырғызстаннан үлгі алғысы келді ме, белгісіз, әйтеуір, ресми Бішкек "баланың дамуына кері әсері бар" деген желеумен TikTok-қа тыйым салмақшы.

Миллиардтаған қолданушысы бар желінің тікелей эфирін бақсы-балгер, құмар ойын мен ЛГБТ-ны насихаттайтындар жаулап алды. Бұл тізімді тоқтаусыз жалғастыра беруге болады. Цензура жоқ. Депутат Аманжол Әлтайды алаңдататыны да осылар. Сондықтан Парламент мінберінде тик-токқа тыйым салуды ұсынған.

"Абай айтқандай, "Жамандық көрсең, нәпрәтілі, суытып көңіл тыйысаңыз, жақсылық көрсең, ғибратлы оны ойға жисаңыз". Сол секілді көңіл суытатын, әттеген-ай дегізетін, жастарды теріс ықпалға, теріс тәрбиеге еліктіріп әкеететін дүниелер өте көп екен. Олардың бойына жағымды, ұлық қасиеттердің қалыптьасуына емес, керісінше олардың жеңіл әрекеттерге баруына себеп болатындай, теріс тәрбиелер көп екен", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай.

Бұл желіде танымал болу аса қиын емес. Хайып қуып, трендтен түспей, секундтық видеомен таңқалдырсаңыз, қаралым жинап та әуреленбейсіз. Жарықтың жылдамдығындай зулайды.

Ал мұндай видеоларды ел сүйсініп қарайды. Тиктокер қойған сұраққа дұрыс жауап беріп мол олжаға кенелуге болады. Көпшілікке мұндай контент ұсынып жүрген кәсіпкер Жанбол Көгедаев депутаттың ұсынысымен келіспейді. 

"Бұл - жаңа ақша табу көзі. Шетелден ақша әкелу мүмкіндігі бар желі ғой. Бұл мысалы мен аға ретінде, іні ретінде, сіз әпке ретінде, ата-анамыз бәріміз жұмыс істейтін дүние. Үкімет жасаса болады, үкімет жасамаса болмайды деген жарамайды. Мысалы мұғалім болса, ол контент жасап, ата-ана болса, баласы қандай контен қарап жатқанға көңіл аударып, мен кәсіпкер ретінде адамдарға тарихты білгені үшін ақша таратып жатырмын. Менен оны ешкім сұрап жатқан жоқ. Әр адам қайжағынан пайдалы бола алады, сол жағынан атсалысса, бәрі керемет болады", - дейді Тик-ток қолданушысы, кәсіпкер Жанбол Нұрмұханбет.

Бір кірсең, сағаттап уақытыңды ұрлайтын желіден жастардың ажырағысы жоқ. Сонда отырып, желініп, картасындағы соңғы тиынын салып, сан соғып жатқандар да жетерлік. Құмар ойындардың құрбаны әсіресе кәмелетке толмаған балалар. Бүгін қаржылық мониторинг агенттігі 177 аккаунтты бұғаттағанын мәлімдеді.

Бұл ойынды ұйымдастырып отырған да өзіміздің қаракөздер. Биыл қылмысқа барып, талайдың қалтасын қаққан 4-еу бас бостандығынан айырылды. Сондықтан, ойнаған ұтылып, ұйымдастырған соңында тұтылары сөзсіз. Әзірге министрліктегілер тик-токтың жұмысына тыйым салу немесе шектеу туралы жақ ашпады. Ал, депутат Аманжол Әлтай тиісті шаралар қабылданбаса, Мәжілісте мәселені тағы да көтеремін, деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу