Өкінішке қарай, соңғы уақытта елімізде оқушылардың, оның ішінде бойжеткен қыздардың төбелесі таспаланған видеолар жарияланып, қоғамның жағасын ұстатты. Сондай әрекет Павлодар облысындағы балалар үйінде де орын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Осыдан бірнеше күн бұрын жергілікті инстаграм парақшаларының бірінде қыздардың төбелесіп, араға бірден тәрбиеші мен басқа да бойжеткендер араласып, араша түскен видеосы жарияланды. Жазба авторының мәлімдеуінше, оқиға Песчан ауылындағы балалар үйінде орын алған. Сондай-ақ, тәрбиеленушілер арасында әлімжеттік көрсету жағдайы барын алға тартып, балаларды қорғауға назар аударуды сұраған.
Аталған актіге қатысты Павлодар облыстық білім беру басқармасы қызметтік тексеріс бастады. Шынымен, №2 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері сөзге келіп, оның соңы төбелеске ұласқан.
"Кезекші тәрбиеші мен басқа да тәрбиеленушілер араша түсті. Төбелес кезінде кәмелеттік жасқа толмаған қыздар дене жарақатын алған жоқ. Басқарма қолға алған тексерістің нәтижесінде жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік шара қолданылады", - деп мәлімдеді білім беру басқармасы.
Ал облыстық полиция департаменті аталған оқиға Тереңкөл аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, мәселенің анық-қанығы анықталып жатқанын хабарлады.
Бұл жағдайға қатысты жұртшылық пікірі екіге жарылды. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі, оның ішінде аталған балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері де бар, мұндай кішігірім ұрыс-керіс жеткіншектердің ортасында болуы қалыпты құбылыс екенін алға тартып, балалар үйінің басшылығы өз жұмысын лайықты атқарып отыр дегенге саятын пікір білдірді. Енді бірі мұның соңы қайғылы жағдайға апаруы мүмкін екенінен қауіптеніп, тез арада қатаң шаралар қабылдауды талап етті.