Қазақстанда соңғы он жыл ішінде балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны екі есеге азайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту және балаларға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы мақсатта елімізде "Келешек мектептері" ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп пайдалануға берілген.
Шынар Ақпарова жаңа білім ошақтары өңірлердегі балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беріп қана қоймай, адами капиталды дамытуға бағытталған ұзақмерзімді инвестиция екенін атап өтті.