"Біздің кішкентай балапандарымыздың мерекесіне сәйкес келген бүгінгі Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған "Балалар жылын" өткізу мәселесін талқыладық.
Биыл "Балалар жылы" аясында көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан жалпы сомасы 48,3 млрд теңге бөлінді. Олардың барлығы нақты орындалуы тиіс. Ең бастысы – балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Облыс әкімдіктеріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын сауықтыру шараларымен қамтуды, олардың жазғы демалыста бос уақытын пайдалы өткізу мәселесіне көңіл бөлуді тапсырдым", – деп жазды Премьер-Министр.
Сондай-ақ ол ауылдық жерлерде спорт алаңдары мен балаларды дамыту орталықтары жабдықталуы тиіс екеніне тоқталды.
Денсаулық сақтау министрлігі шалғай елді-мекендердегі балалардың денсаулық жағдайына скринингтік және стоматологиялық тексерулер жүргізу үшін жылжымалы медициналық пункттердің жұмысын ұйымдастыратын болады.
"Сонымен қатар балалардың құқығын сақтауға, экскурсиялық-танымдық іс-шаралар ұйымдастыруға, оларды түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтуға қатысты бірқатар тапсырмалар бердім. Барлық өңір әкімдері "Балалар жылына" арналған іс-шаралардың орындалуын жеке бақылауында ұстауы тиіс.
"Адамның бір қызығы – бала деген" деп ақынымыз Абай айтқандай, балалардың білім алып, оларға жан-жақты қамқорлық жасау, құқықтарын қорғау – мемлекеттің маңызды міндеті. Сондықтан кешенді іс-шаралардың барлығы менің тұрақты бақылауымда болады", – деді Әлихан Смайылов.