Балалар жылына орай бюджеттен 34 млрд теңге бөлінді

1131

Павлодар облысында арнайы тұжырымдама әзірленді.

Балалар жылына орай бюджеттен 34 млрд теңге бөлінді

Биыл жарияланған балалар жылы аясында Павлодар өңірінде барлығы 64 шара ұйымдастырылмақ. Оларды іске асыруға 34,2 млрд теңге жұмсалады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жергілікті білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, шаралардың дені оқушыларды әлеуметтік тұрғыдан қорғауға бағытталған. Айталық, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасы балаларын балабақшада тегін тамақпен қамту үшін 876,5 млн теңге, бастауыш сынып оқушыларының барлығына тегін ыстық тамақ беру мақсатында 1 млрд 408 млн теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ мамыр айынан бастап шәкірттердің бәрі бірдей қоғамдық көліктерде ақысыз қатынауы үшін жергілікті бюджеттен 679 млн теңге бөлінбек.

"Инфрақұрылым мәселесі де назардан тыс қалмайды. Аутизм белгілі бар балаларға арналған орталық, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, стритбол алаңдары мен шағын футбол алаңдарын салу жоспарда бар", – дейді Дінислам Болатханұлы.

Сонымен қатар биыл "Заманауи мектеп" өңірлік бағдарламасы аясында елді мекендердегі 55 мектеп күрделі жөндеуден өтпек.

Осы жылдың тың жобасы – А. Байтұрсынов атындағы арнайы картаның үлестірілуі болмақ. Бұл карта шәкірттерге музей, көрме мен театрларға тегін баруға мүмкіндік береді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу